Accessibility links

Прокурор Гүлмира Сатыбалдыға 13 жыл түрме жазасын сұрады


Сот ғимараты. Көрнекі сурет.
Сот ғимараты. Көрнекі сурет.

Экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды бопсалау, жүгенсіздік және кәсіпкерді заңсыз еркіндігінен айыру ісі бойынша сотқа тартылып отыр. Оның бұрынғы жүргізушісі Мәди Батыршаевқа да айып тағылған.

22 тамыз күнгі жарыссөзде прокурор Гүлмира Сатыбалдыны 13 жылға соттап, қауіпсіздігі орташа мекемеге жазасын өтеуге жіберуді сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Мәди Батыршаевты он жылға соттауды, оны да қауіпсіздігі орташа мекемеге жіберуді сұрады. Бұған қоса, айыпталушылардан жәбірленушілердің пайдасына шамамен 342 млн теңге өндіріп беруді өтінді.

Прокурордың сөзіне сүйенген Informburo сайтының жазуынша, 2019 жылы қыста Гүлмира Сатыбалды кәсіпкер Абай Жүнісовті "ортақ бизнестен 5 млрд теңге қаражатты алды" деп айыптаған. Кәсіпкер айыппен келіспей, ақшаны қайтарудан бас тартқаннан кейін оны үйінде 165 күн ұстаған. Жақындарының тағдырына алаңдаған кәсіпкердің туыстары үйлері мен көліктерін Сатыбалдымен байланысты адамдардың атына жазып берген деп айтылады.

Сатыбалдының кінәсін мойындағаны-мойындамағаны айтылмайды.

Былтыр Гүлмира Сатыбалдыға екі рет сот үкімі шыққан. 2023 жылы маусымда Қызылорда соты “бөтеннің мүлкін иемдену және жымқыру” бабы бойынша айыпталған Гүлмира Сатыбалдыны сегіз жылға бас бостандығынан айырған еді. Оның алдында Астана соты "адам ұрлау" (125-бап) және "өзінше билік ету" (339-бап) баптары бойынша айыпталған Гүлмира Сатыбалдыны жеті жылға соттаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG