АҒА БУЫН "МҰРАСЫ"
– Шығыс Қазақстан облысында Ертіс өзеніне жақын маңда тау-кен кәсіпорындарынан қалған үйінділер бар және ол жер қатты ластанып жатыр. Бізге дейінгі буын оның салдары туралы ойламаған. Олар керек кезде металл өндірді. Ал енді біз оларды жою үшін не орасан көп қаражат жұмсауымыз керек. Әйтпесе су көздері ластанып, өзімізге қауіп төндіреді. Бұл бізге аға буын қалдырып кеткен "мұра", – дейді "ЭКОМ" ұйымының жетекшісі, Орхус орталығының үйлестірушісі, эколог Светлана Могилюк.
Эколог "АЭС бойынша да осындай жағдай қайталанайын деп тұр, біз радиациялық қалдықтарды болашақ ұрпақтың мойнына жүктейік" деп отырмыз деп алаңдайды.
– Қалдықтарды не істейтіні әлі түсініксіз. Бізге әншейін оларды жоюдың жолын табамыз деп айтып қояды. Кешіріңіз, атом энергетикасының пайда болғанына 80 жыл болды, ал қалдықтарды жоюдың жолы әлі табылған жоқ және қазір шешім қабылдайтын буын алдағы уақытта шешімін табады дегенге кепілдік бар ма? Демек, біз бұл жауапкершілікті болашақ ұрпаққа жүктейік деп отырмыз. Міне, мұны билік, жоғарыдағылар ойлауы керек. Біз керісінше, министр деңгейінде қысымды көріп отырмыз. Ол қауіп-қатерді жан-жақты қарастырудың орнына даулы шешімдерді біржақты түрде басып жатыр, – дейді эколог.
Жуырда энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев "АЭС мәселесі бойынша теріс эмоция туғызып отырғандардың үстінен полицияға арыз әзірлеп отырғанын" айтқан еді. Министрдің сөзінен Orda сайты үзінді келтірген. Оның сөзі қоғамда қатаң сынға ұшырады. Ізінше министрлік "мәселе қоғамдық пікірде ауытқу туғызып отырғандар туралы" болып отырғанын (нақты кімдерді меңзегенін сол күйі айтпады) мәлімдеп, мұның АЭС жобасын сынағандарға қатысы жоғын жоққа шығарған.
РЕФЕРЕНДУМ
Қазақстан АЭС бойынша шешім қабылдау кезеңіне таяды. 2 қыркүйекте халыққа жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум 6 қазанда өтетінін мәлімдеп, "референдум тақырыбы қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын" деді.
"Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – "Халық үніне құлақ асатын мемлекетке" тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз" деді Тоқаев.
6 қазанда өтетін референдумда "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұрақ қойылады. Орталық референдум комиссиясы АЭС бойынша референдум өткізуге 15,5 млрд теңге қажет екенін айтты.
АЭС бойынша референдум өтетінін билік елде атом станциясына қатысты қоғамда сын пікірлер қызу айтыла бастағаннан кейін мәлімдеген. Былтыр АЭС салынуы мүмкін Балқаш маңындағы Үлкен ауылында АЭС бойынша жария талқы өткен кезде белсенділер "АЭС-те апат болса, зардабын тұтас халық көреді, сондықтан ол бойынша талқыны Үлкен ауылы тұрғындары үшін ғана өткізу дұрыс емес" деп айтқан. Ізінше қыркүйек айындағы жолдауында Тоқаев мәселені жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынды.
ЖАРИЯ ТАЛҚЫ
Биыл елде кемінде 20 қалада АЭС бойынша жария талқы өтті. Оны ұйымдастырушылар талқыда халыққа "атом энергиясы мен атом станциясы туралы жан-жақты ақпарат берілгенін" айтса, кей белсенділер науқанды "энергетика министрлігінің АЭС-ті насихаттау кампаниясы" деп атап, қатаң сынады.
АЭС бойынша аймақтардағы жария талқыларды ұйымдастырған Қазақстанның азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева талқыға бюджеттен бір тиын да жұмсалмағанын, "халықтың тағдырына жаны ашығандықтан" осындай талқы ұйымдастырғанын атап өтті.
Ол жария талқы туралы хабар алдын ала қоғамдық кеңес сайттарында жарияланды, оған мықты сарапшылар шақырылды деп айтты.
"Біріншіден, ақпаратты жеткізу керек. Оны кім жеткізуі керек? Оны мәселемен айналысатын білікті мамандар – энергетика, физика, экология саласының өкілдері жеткізуі керек. Содан кейін талқылау басталады. Қандай да бір талқылаулар алдында жұрт ақпаратты мамандардың аузынан естуі керек. Егер мамандардың сөзі жетсе, халық ойланады ғой. Сол үшін біз талқыға мықты деген мамандарды шақырдық. Бұл шараларға бюджеттен бір тиын да кеткен жоқ. Біз мамандарды іс-сапарға жібере алатын, өз бюджеті бар ұйымдардан шақырдық", – деді Бану Нұрғазиева.
"Жария талқылауларға тәуелсіз сарапшыларды шақырдыңыздар ма?" деген сұраққа ол "тәуелсіз дейтіндей бізде тәуелсіз мамандар бар ма, олардың тәуелсіз екендіктерін қайдан білемін?" деп жауап айтты.
АЭС бойынша жария талқыда ұсталып, 15 күн әкімшілік қамауда отырып шыққан семейлік белсенді Елдос Досанов талқы болатын күні өзіне қатарынан екі хаттама ("тіркелмеген ұйымның ісіне араласу" және "полиция талабына бағынбау") толтырылғанын, жиынға қатысып жатқан жерінен полиция қолын қайырып әкеткенін айтады. Бұған дейін өткір қоғамдық-саяси мәселелерді айтып, көзге түскен тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының өкілі жиында АЭС-ке қарсы екені туралы пікірін айтып үлгермегенін жеткізді.
Ол референдум жақындаған тұста АЭС туралы толымды ақпарат жоғын, азамат ретінде экологиялық құқығы бұзылғанын алға тартты.
"Дәл қазіргідей билікке сенім аз кезде, Ресей сияқты көрші елдің басып алу пиғылы тыйылмаған шақта бізге АЭС-тің қажеті жоқ. Меніңше, АЭС мәселесін 5-10 жылға шегере тұру керек. Дәл қазір қажет емес. АЭС туралы ақпарат шектеулі. Оның жақсылығы мен тиімсіздігі туралы толымды ақпарат жоқ. Оны салған күннің өзінде энергия арзан болмайды деп жатыр. Қазіргі бағасынан екі үш есе қымбат болады деп айтып жүр. Экономикалық, экологиялық қауіп-қатерлер бар. Балқаштан айырылуымыз мүмкін дейді. Жер сілкінісі де оған қауіпті. Қазақстан тәуелсіздігіне де қауіпті жағдай деп ойлаймын", – деді ол.
Қазақстанның ұлттық заңнамасы мен Қазақстан ратификациялаған халықаралық құжаттар азаматтардың қоршаған ортаға әсері бар жобалар бойынша шешім қабылдау процесіне араласуына мүмкіндік береді.
Азаматтардың экологиялық құқығы
Қазақстанның Экологиялық кодексінде "әркімнің қолайлы қоршаған ортаға құқығы бар" деп жазылған.
Қазақстан қоғамының қоршаған ортаға әсері бар жобалар бойынша шешім қабылдау процесіне қатысу құқығы Экологиялық кодекстің 15-бабында көрсетілген. 96-бапта қоғамдық тыңдауды өткізу тәртібі жазылған. Осы кодексте "мемлекет халықаралық келісімдерге сүйене отырып, азаматтарды заң аясында бекітілген экологиялық ақпараттармен қамтамасыз етеді" деп жазылған.
Қазақстан 2000 жылы ратификациялаған Орхус конвенциясы АЭС сияқты ірі жобалар талқыланған шақта азаматтардың шешім қабылдау процесіне араласуына кепілдік береді.
Алайда іс жүзінде заң талаптары орындалып жатқан жоқ. Жуырда болған "жария талқылар соның дәлелі, ол кезде азаматтардың экологиялық құқықтары өрескел бұзылды" деді құқық қорғаушылар.
– Біріншіден, мұндай талқыға қатысу құқығы бұзылды, себебі мен жұртқа аймақтарда мұндай талқы өтетіні жөнінде не өте кеш немесе мүлде ақпарат берілмеген көп фактіні білемін. Екіншіден, Орхус конвенциясы кепілдік беретін ескерту-пікірді еркін жеткізу құқығы бұзылған. Талқыларда қысым болғанын білеміз. Регламентті қатты шектеді. Екі минут ішінде адам не айта алады? Кейбірі толқып, көкейіндегі күмәнді айта алмады. Ал бір мезетте спикерлерге шектеу болған жоқ, – деді эколог Светлана Могилюк.
Оның сөзінше, нақты жағдайда азаматтардың толымды ақпарат алу құқығы да бұзылды, себебі АЭС туралы өте субъективті ақпарат беріліп отыр. Таңдау жасау мүмкіндігі насихат көлеңкесінде қалып қойып жатыр.
"Жария талқы кезінде айтылған ақпараттар, ақпарат құралдары мен блогерлердің материалдары барлығы жалаң талқылау. Ешқандай құжат жоқ, қарап көретін шынайы зерттеулерге ешқандай сілтеме берілмеген. Бұл үгіт-насихат. Шешім қабылдауға мүмкіндік беретін ақпарат деп айта алмайсыз", – деді эколог.
АЭС бойынша ақпараттар біржақты беріліп отыр деген пікірмен билік өкілдері келіспейді. Жуырда билікшіл Amanat партиясы АЭС құрылысын қолдау бойынша штабтың ресми сайты таныстырылып, онда "халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап барын" хабарлады.
"Референдум және атом энергетикасының ерекшеліктері туралы объективті және толық ақпаратпен қамтамасыз етуге ұмтылыс бізді Қазақстанда өтетін референдумға арналған бірыңғай ақпараттық ресурсты іске қосуға итермеледі. Бұл сайт атом энергетикасы мен референдум мәселелеріне қызығушылық танытқан азаматтар үшін негізгі ресурсқа айналады. Ресурстың құрылымы ең ұсақ бөлшектерге дейін ойластырылған. Сайт мүмкіндігінше ыңғайлы: интерфейс пайдаланудың қарапайымдылығына және қажетті ақпаратқа еркін қол жеткізуге бағытталған" деді АЭС салу жөніндегі халықтық штабтың медиа тобының жетекшісі Бақтияр Мәкен.
Аталған сайттың "жиі қойылатын сұрақтар" бөлімінде "Кейбір елдер АЭС-тан бас тартып, оларды тоқтататып жатыр, ал біз неге АЭС салуды қолдаймыз?", "АЭС құрылысы Қазақстанның басқа мемлекеттерге саяси тәуелділігін арттыра ма? Бұл тәуелділікті төмендету үшін қандай тетіктер қарастырылған?" деген сияқты алты сұрақ жазылған.
"АЭС өзге елге тәуелділікті арттыра ма?" деген сұраққа "Қазақстанда АЭС салу басқа мемлекеттерге саяси тәуелділікті арттырмайды, керісінше, энергетикалық тәуелсіздікті нығайтуға ықпал етеді" деп қысқа жауап берілген.
ЭКОЛОГТАР МӘЛІМДЕМЕСІ
Қазақстанда жария талқылардың барысы сыналып жатқан тұста экологтар мәлімдеме жасап, энергетика министрлігінің "АЭС салу мәселесі бойынша жария талқы процесіне дөрекі түрде араласып" халықтың таңдау құқығын бұзып жатқанын мәлімдеді. Егер АЭС-ті салу-салмау мәселесін халық шешсін десек, энергетика министрлігі араласпауы керек дейді олар.
"Біз АЭС салу-салмау керектігі бойынша референдум өткіземіз. Энергетика министрлігі АЭС-ті салуды қолдайды, соны насихаттайды. Бұлай болмайды ғой. [АЭС-ке] Қарсы және қолдайтын тарап бар. Энергетика министрлігі шешім қабылдайтын орган ғой. Олар референдум кезеңінде және оның алдында бейтарап позицияда қалуы керек. Халық шешуі керек" дейді "Әлеуметтік-экологиялық қорының" директоры Вадим Ни.
Оның сөзінше, энергетика министрлігі әзірге реакция білдірмеген.
"Зеленое спасение" қорының директоры Сергей Куратовтың сөзінше, Қазақстанда қоғамдық тыңдаулар қоғамдық пікірді есепке алу емес, жұрттың буын шығару механизміне айналып кетті. Сондықтан оның шешім қабылдау процесіне әсері өте төмен.
Бұған қоса, ақпарат жоқ кезде немесе жеткіліксіз кезде шешім қабылдау мүмкін емес. Сондықтан тыңдаулардың нәтижесіз аяқталатынына таң қалуға болмайды дейді ол.
"Тек Орхус конвенциясы туралы айтайын. Экологиялық кодекстің кейбір пунктері оның нормаларына сәйкес емес. Ақпаратқа қолжетімділік толық дәрежеде қамтамасыз етілмейді. Сот төрелігіне қолжетімділік шектеулі, әсіресе, сот шешімдерінің орындалуы нашар. Көп жылдар қатарынан Орхус конвенциясы тараптарының кеңестері Қазақстаннан оның нормаларының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті заңнамалық және практикалық шараларды шұғыл қабылдауды сұрады. Заңнамамыздың жетілмегенін, ақпаратқа, шешім қабылдау мен сот төрелігіне қол жеткізудің нашарлығын ескерсек, біздің қоғам, құқықтық тұрғыдан алғанда, атом электр станцияларын салу сияқты күрделі мәселелерді шешуге әлі қауқарсыз екені байқалады. Ал асығыстық ең ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін" деді Сергей Куратов.
ҚОҒАМ ПІКІРІ
Былтыр қазанда DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы өткізген сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың 46,6 пайызы атом электр станциясын қолдайтынын, 37,7 пайызы қарсы екенін көрсеткен.
Ал тамыз айында президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының тапсырмасымен 7-18 тамыз аралығында телефонмен өткізілген сауалнама респонденттердің 53,1% АЭС салуды қолдайтынын көрсеткен. Сұралғандардың 32,5% АЭС-ке қарсы болған. Олар негізінен апаттардан және қоршаған ортаға әсерінен қауіптенетінін айтқан. Телефонмен өткізілген сауалнамаға жиыны 1200 адам қатысқан. Респонденттердің 14,4% әзірге таңдау жасамағанын айтқан. Сауалнама КИСИ сайтында жарияланды.
Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша халық пікірі сан алуан.
АЭС-ті жақтайтындардың уәждері | АЭС-ке қарсылардың уәждері |
Қазақстанда энергия тапшылығы барған сайын ушыға бермек; | Ескі инфрақұрылымды жаңартып, энергия тиімділігін арттыруға болады |
Атом энергиясы жылу және су электр станцияларына балама бола алатын тұрақты энергия көзі, жел мен Күн энергиясы өндіретін қуат тұрақсыз; | Қазақстанда атомнан бөлек энергия көздері көп, мәселен аймақтарда газ станциялары салынып жатыр. Жасыл энергия нарығында да потенциалды жобалар көп |
Станцияға көп су қажет емес, ол булану мөлшерімен пара-пар; | Балқаш тартылып барады, станцияның ықтимал әсері жөнінде зерттеу жоқ |
Қазақстан таңдап отырған су су реакторы жер сілкінісі, тасқын сияқты апаттарға төзімді; | АЭС қауіпсіз дегенге ешкім кепілдік бермейді, әлемде қауіпсіз реактор жоқ |
Атом станциясынан радиация қалдықтары көп шықпайды, көмірден шығатын лас заттар одан да көп; | Радиация қалдықтарының шешімі әлі күнге дейін табылған жоқ |
Қауіпсіздік жағына басым мән беріледі | Украинадағы соғыс, Запорожье мен Курск АЭС-терінің қысым құралына айналуы атом станциясының қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді |
Экономикалық тиімділігі көп | Шетелдік технологияға тәуелділік туындайды. Саяси, экономикалық қысым құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін. |
Көпшілік АЭС салуды жақтаған жағдайда реакторды кім салатыны әзірге белгісіз. Қазақстан билігі төрт ел – Ресей, Қытай, Франция мен Оңтүстік Корея әзірлеген ұсыныстар бар деп хабарлаған. Кей сарапшылар таңдау Ресейдің "Росатом" компаниясына түседі деп қауіптенеді.
ПІКІРЛЕР