Accessibility links

Кремль Украинаны Мәскеу мен Тверь облысын дронмен шабуылдады деп айыптады


1 қыркүйек, жексенбіге қараған түні Украина Ресейдің бірнеше облысын дронмен шабуылдады деп мәлімдеді Ресей қорғаныс министрлігі. Шабуылға Мәскеу мен Тверь облысында электр станциясы мен мұнай өңдеу зауыты ұшыраған.

ТАСС агенттігі Ресей қорғаныс министрлігіне сілтеп отырып, Ресейдің әуеден қорғаныс жүйесі 158 дронды құлатқанын хабарлады. Оның 122-і Украинамен шекаралас Курск, Брянск, Воронеж және Белгород облысында құлатылған деді қорғаныс министрі Telegram-да.

Ресей билігінің мәлімдемесін тәуелсіз жолмен растау мүмкін болмады. Украина бұл жөнінде мәлімдеме жасамады.

Осыдан бірнеше күн бұрын Ресей Украинаның энергетика объектілеріне 200-ден астам дронмен және ракетамен шабуылдаған. Бұл соғыс басталғалы ең ірі дрон шабуылдарының бірі болған.

Украинаның Ресейдегі Курск облысына басып кіргеніне бір айға жуықтады. Бірақ Ресей күштері Донецк облысында ілгері жылжып келеді.

Киев Вашингтонды АҚШ берген ракеталармен Ресейдің ішкі облыстарын нысанаға алуға рұқсат беруді сұрап отыр. Украина бұл қадам Ресейдің шабуылдау әлеуетін тежейді дейді. Өткен аптада Вашингтонда болған Украина лауазымды тұлғалары осы мәселені тағы да қозғаған.

1 қыркүйекке қарағанда түні Тверь облысындағы Конаково электр станциясында жарылыс болды деп хабарлады Ресей қауіпсіздік қызметтеріне жақын Baza Telegram каналы. Станция – аймақтағы ең ірі электр энергиясын өндірушілердің бірі.

Облыс басшысы Игорь Руденяның сөзінше, Тверь облысында бес дрон атып түсірілген. Ол бұдан қандай залал келгенін нақтыламады.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин Украина ұшырған дрон Мәскеудегі мұнай өңдеу зауытының түбінде құлатылған. Қала басшысы зауытқа зақым келмеді деді.

Зауыт "Газпром нефть" компаниясы тиесілі.

Мәскеу облысындағы Кашира қалалық округінің басшысы Михаил Шувалов Украина дроны Кашира электр станциясына шабуылдамақ болды деп мәлімдеді Telegram-да. Ешқандай зақым келмеді, ешкім жапа жекпеді деді ол.

"Электр энергиясы ешқандай қиындықсыз беріліп жатыр" деді Шувалов.

Собяниннің сөзінше, Мәскеу мен оның төңірегінде кемі тоғыз дрон жойылған.

26 дрон Ресейдің оңтүстік-батысындағы Брянск облысында құлатылған. Бұл туралы Telegram-да облыс губернаторы Александр Богомаз хабарлады.

Бұдан бөлек, Воронеж облысында 10-нан аса, Курск, Липецк, Рязань және Тула облыстарында бірнеше дрон атып түсірілген. Reuters агенттігінің хабарлауынша, мұны осы облыстардың басшылары мәлімдеген.

Ресей шабуылдан ешқандай зақым келмегенін, ешкім жапа шекпегенін айтып отыр. Бұған дейін Ресей Украина әуе шабуылы жайлы егжей-тегжейлі ақпарат бере қоймайтын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG