Екібастұз қаласының соты Майқайыңда мерт болған құтқарушы Олег Тышкевичтің туыстарының моральдық өтемақы туралы талап арызын қанағаттандырды. Сот кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан марқұмның жақындарының әрқайсына – екі баласына, анасы мен әпкесіне 30 миллион теңгеден өтемақы өндіріп алу туралы шешім шығарған.
– Жақын адамынан айырылған талап арыз иелері моральдық зиян шегіп отыр. Сот олардың әрқайсының пайдасына моральдық өтемақы өндіріп алу туралы талап арызды қанағаттандыру қажет деп санайды, – деді судья Сәуле Досыбаева сотта.
Талап арыз иелерінің сөзінше, егер құтқарушыларға апат орны мен оның қандай екенін дұрыс хабарлағанда, шахтада топырақ опырылып кеткеніне байланысты апатты жою жоспары болғанда, құрал-саймандар тиісті деңгейде берілгенде, олар тірі қалуы мүмкін еді. Арыз иелері жұмыс беруші де қызметкерлер қазасына жауап беруі керек деп есептейді.
– Отбасыма моральдық қолдау көрсетпеді, компания әкемнің еңбегін құнсыздандыруға тырысты. Осы уақыт ішінде қудалауға түстім, маған қысым көрсетті. Компания сотта да қайғымызға ортақтасып тұрған жоқ", – деді марқұм Тышкевичтің қызы Яна Осолодкова сотта.
Бұл істегі жауапкер – кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы соттан талап арыз иелері сұраған өтемақы мөлшерін төрт миллион теңгеге дейін азайтуды сұрады. Жұмыс беруші қайғылы оқиғаға өзін кінәлі санамайды, моральдық өтемақы мөлшері тым жоғары деп есептейді. Жауапкер кінәні "Майқайыңалтын" компаниясына артады, олар қайғылы оқиғаға алтын өндіруші компания жауап беруі керек деді.
– Қайғыларыңызға ортақпыз. Бірақ заң жұмыс берушіні моральдық қолдау көрсетуге міндеттемейді, ал ақшалай өтемақы түріндегі моральдық зиян соттың құзыретіне кіреді, — деді авариялық-құтқару қызметінің өкілі.
Соттағы үшінші тұлға – "Майқайыңалтын" компаниясы марқұм құтқарушының отбасы берген талап арызды қанағаттандыруды өтінді. Компания өкілі сотта моральдық өтемақыны құтқарушыларға жұмыс беруші төлеуі керек деді.
– "Майқайыңалтын" компаниясы арнайы тергеу қорытындысына байланысты кассациялық шағым түсірді. "Майқайыңалтынның" кінәсі жоқ деп санаймыз, – деді сотта алтын өндіруші компанияның өкілі.
Биыл қаңтардың басында алтын кеніші аумағында жер опырылғанда пайда болған аса үлкен әрі терең шұңқырға құлаған автобуста төрт адам болған. Олардың екеуі – 25 жастағы Бердіқан Сарқыт пен 53 жастағы Олег Тышкевич бірнеше сағаттан кейін үйінді астынан өлі табылды.
Із-түссіз кеткен тағы екі құтқарушыны іздеу жұмыстары шілденің аяғына дейін жалғасты. Оның барысында кеніш аумағында тағы да топырақ опырылып кету қаупіне байланысты іздеу жұмыстарын бірнеше рет тоқтатып, кейін қайта жалғастырды.
Қаза тапқан екі адам – 36 жастағы құтқарушы Айдос Шаймерден 19 шілдеде, ал 55 жастағы автобус жүргізуші Айып Тілеубергенов 25 шілдеде табылды.
ПІКІРЛЕР