Қазақстандық дзюдошы Ерғали Шәмей Парижде өтіп жатқан Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. J1 санатында 73 келіге дейінгі салмақта күрескен Шәмей 6 қыркүйекте өткен финалда румын спортшысы Александру Флорин Бологадан жеңілді.
Тағы бір қазақстандық дзюдошы, J2 санатында 57 келіге дейінгі салмақта күресетін Даяна Федосова қола медаль иеленді. Ол түркиялық әлем және Еуропа чемпионы Донда Есилюртті жеңді.
Осылайша Паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына түскен медаль саны жетіге жетті. Алтын медальді Давид Дегтярев (пара пауэрлифтинг) пен Ақмарал Науатбек (пара дзюдо) жеңіп алса, мерген Еркін Ғаббасов пен жүзгіш Нұрдәулет Жұмағали күміске қол жеткізді. Қола жүлдегерлер қатарында ядро лақтырушы Дастан Мұқашбеков пен дзюдошы Даяна Федосова бар.
Қазақстан Паралимпиада ойындарында иемденген медаль саны бойынша рекордын жаңартып отыр. Бұған дейін Токиода қазақстандықтар бір алтын, үш күміс, бір қола – жиыны бес медаль алған.
Париждегі паралимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан 44 спортшы қатысады. Туризм және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитеті мұны "ел тарихындағы рекорд көрсеткіш" деді. Токиода өткен паралимпиадаға Қазақстаннан 25 атлет қатысқан. Биыл Қазақстан құрамасы паралимпиадаға 9 спорт түрінен – дзюдо, пауэрлифтинг, таэквондо, жеңіл атлетика, нысана көздеу, үстел теннисі, жүзу, каноэ және волейболдан сынға түседі. Спорт комитеті биыл Қазақстанның паралимпиада спортшылары үстел теннисінен және әйелдер арасындағы каноэден бірінші рет лицензия жеңіп алды деді.
Париждегі паралимпиада ойындары 8 қыркүйекте аяқталады.
ПІКІРЛЕР