Маңғыстау облысы Бесшоқы ауылында бастауыш сыныптардың ондаған оқушысы астан уланған. Lada.kz басылымының жазуынша, бірінші ауысымның оқушылары мектеп асханасында тамақтанған, ал 6 қыркүйектің кешінде оқушылар жүрегі айнып, іші ауырғанын айта бастаған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының журналистерге хабарлауынша, 6 қыркүйектің кешінен бастап жедел жәрдем қызметіне Бесшоқы ауылындағы №8 мектептен 21 оқушының ата-анасы жүгінген.
Lada.kz басылымының мәліметіне қарағанда, медициналық қызметке барлығы 58 бала жүгінген, оның 26-сы клиникада қаралып жатса, бесеуі ауруханаға жатқызылған. Қалған 27 бала үйінде емделіп жатыр.
Аймақ билігі астан улану жағдайынан санитарлық талаптарды бұзу бойынша қылмыстық іс қозғағанын (қылмыстық кодекстің 304-бабы 1-бөлімі) мәлімдеді.
Қазақстан мектептерінде бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ беріледі. Оның ұйымдастыратын жергілікті әкімдіктер орындаушыны анықтайды. Түскі астың жан басына шаққандағы орташа бағасы 577 теңге (1,2 доллар). Елде астың сапасына деген шағым жиі айтылады.
ПІКІРЛЕР