Accessibility links

Мирзияевтің күйеу баласы Азия олимпиада кеңесінің Орталық Азия бойынша вице-президенті болды


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің күйеу баласы Отабек Умаров.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің күйеу баласы Отабек Умаров.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің кенже қызы Шахнозаның күйеуі Отабек Умаров Азия олимпиада кеңесінің Орталық Азия аймағы бойынша вице-президенті болып сайланды. Бұл туралы Өзбекстан ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Үндіcтан астанасы Нью-Делиде өткен Азия олимпиада кеңесінің 44-бас ассамблеясында ұйым басшылары сайланған. Раджа Рандхир Сингх кеңес президенті, ал Отабек Умаров Орталық Азия бойынша вице-президент болды. Кеңестің атқарушы комитеті құрамына Қазақстаннан Ольга Рыпакова (жеңіл атлетикадан олимпиада чемпионы) енді.

Азия олимпиада кеңесінің Орталық Азия бойынша вице-президентінің міндетіне бұрын Совет одағы құрамында болған Орталық Азияның бес елінде, бұға қоса Ауғанстан мен Иранда олимпиада құндылықтары мен спортты дамыту кіреді.

Отабек Умаров бұған дейін Ташкент-2025 жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарын өткізу бойынша вице-президент болған, ал оның жаңа лауазымы – тұрақты қызмет.

Тамыздың ортасында Умаровтың әйелі Шахноза Мирзияева Өзбекстан ұлттық паралимпиада комитеті төрағасының орынбасары болды. Ол мұның алдында мектепке дейінгі білім беру министрлігіне қарасты мекемеде істеген.

2023 жылы Шавкат Мирзияевтің үлкен қызы Саида президенттің бірінші көмекшісі болып тағайындалды. Бұл – президент әкімшілігіндегі мемлекет басшысынан кейінгі екінші маңызды лауазым. 2019 жылы ол саяси мәнсабын ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігі басшысының орынбасары болып бастаған. Мирзияеваның cаясатта тәжірибесі болмаса да, қызметі тез өсті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG