Accessibility links

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан құрамасында 25 медаль бар


Көкбөрі сайысы.
Көкбөрі сайысы.

Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының екінші күні Қазақстан құрамасы 14 алтын, 3 күміс, 8 қола медаль алып, командалық есепте бірінші орынға шықты.

Қазақ күресінен қатысқан 8 спортшының бәрі алтын медаль жеңіп алды. Әйелдер арасында 48 келіде Айжан Жылқыбаева, 52 келіде Назерке Азаматова, 56 келіде Рауза Нұрмахамбетова, 60 келіде Бақыт Құсақбаева, ерлер арасында 55 келіде Бекжан Төлепов, 60 келіде Мейіржан Берекетов, 66 келіде Дидар Тұқышев, 74 келіде Жұмажан Қожамбеков чемпион атанды.

Жамбы ату спортының Азия стилінен Батыр Бексауыт алтын, Айтбек Сарыбай күміс жүлдеге ие болды, Ералхан Айкөз қола медаль алды.

Аударыспақтан 60 келіде Ермек Құралбай, 70 келіде Алмат Ләтіпбек, 80 келіде Дарын Өткелбай жеңімпаз атанды.

Дәстүрлі садақ атудан әйелдер арасында Айкөркем Батихан қола жүлдеге ие болды. Ерлер арасында Қасымхан Қанат қола медаль алса, Жәнібек Құлмырзаев алтын жүлде жеңіп алды.

Кураш спорт түрінен Қазақстанның алты спортшысы бір алтын, екі күміс, үш қола жүлдеге ие болды.

Саха халқының ұлттық спорты мас-рестлингтен ерлер арасында 65 келіде Бірімжан Асылмұрат пен әйелдер арасында 55 келіде Тахмина Қожамбердиева қолда жүлде иеленді.

Көкпардан іріктеу кезеңінде Қазақстан Өзбекстанды 16-0 есебімен жеңді. Ал көкбөрі ойынынан Қазақстан спортшылары АҚШ командасынан 18-0 есебімен басым түсті.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушылар 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр. Жиынтық медаль саны – 581. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 250 млн теңге.

Жарысқа Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Венгрия, Моңғолия және Ресей көп спортшы әкелген. Еуропадан Германия, Чехия, Франция елдерінің; Африкадан Гана, Эфиопия, Нигерия, Зимбабве секілді елдердің өкілдері қатысады.

Жарыстың жабылу рәсімі 13 қыркүйек күні өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG