Газа секторының оңтүстігіндегі Хан-Юнис қаласындағы аудандардың бірінде Израиль шабуылынан кемінде 40 адам қаза тауып, 60 адам жараланды деп хабарлады ХАМАС бақылауындағы Газаның азаматтық қорғаныс басқармасы. Израиль ХАМАС-тың командалық орталығын нысанаға алғанын айтты.
BBC агенттігінің жазуынша, қоныс аударғандарға арналған лагерь бар Әл-Маваси ауданына шабуыл жасалған.
Газаның азаматтық қорғаныс басқармасының ресми өкілі AFP агенттігіне "біздің топ шабуылдан кейін із-түссіз кеткен 15 адамды іздеп жатыр" деп хабарлаған.
Куәгерлердің BBC-ге айтуынша, түн ортасынан кейін Әл-Маваси ауданында қатты жарылыстар болып, аспан жарқырап кеткен.
Әл-Маваси ауданындағы 200-ден астам шатырдың 20-дан 40-қа жуығы қираған. Бұл туралы CNN арнасы Газаның азаматтық қорғаныс өкілі Махмұд Бассалдың сөзіне сүйеніп хабарлады. Оның сөзінше, бұл аудандағы палестиналықтарға шабуыл болатыны алдын ала ескертілмеген.
Израиль қорғаныс армиясы жойғыш ұшақтар Газаның оңтүстігіндегі гуманитарлық аймақта жасырын жұмыс істейтін ХАМАС-тың командалық орталығына шабуылдады деп мәлімдеді.
Израиль әскері шабуылға дейін "бейбіт тұрғындарға зиян келтірмеуге байланысты шаралар (дәлдігі жоғары оқ-дәрі, әуе бақылауы және басқа да құралдар пайдалану) қабылданды" деді. ХАМАС өкілдері шабуыл жасалған жерде мүшелері болмағанын айтып отыр.
Былтыр күзде Израиль елдің оңтүстігіне шабуыл жасаған ХАМАС тобының әрекетіне қарымта ретінде Газа секторында әскери операция бастаған. ХАМАС шабуылынан 1200-ден аса адам қаза тапқан, 251 адамды ХАМАС күштері Газа секторына күштеп алып кеткен. Әскери операция басталғанда жүздеген мың палестиналық Хан-Юнис қаласына қашуға мәжбүр болған.
ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, содан бері анклав аумағында 40 мыңнан астам адам қаза тапқан.
ПІКІРЛЕР