Үкіметтің баспасөз қызметінің жетекшісі Мақсат Төлегенов журналист Жәния Ұранқаеваның үстінен полиция рапорт жазған соң үкімет үйіне кіруіне "шектеу" қойылды деді. Бұл туралы 10 қыркүйекте ҚазТАГ агенттігі хабарлады.
– Үкімет ғимараты – маңызы ерекше мемлекеттік нысан, оның аумағында қызметкерлерге де, келушілерге де ішкі режим мен кіру тәртібі бойынша ережелер бар. Ережеде Үкімет үйі ғимаратында жүру тәртібі белгіленген, оның ішінде келушілер кіріп-шығатын және түсірілім жасай алатын орындар, техникалық құралдарды қолдану тәртібі бар. Осы талаптарды бұзса, ғимаратқа кіру құқынан айырылады. 27 тамызда журналист ереже бұзған соң оған сол ережелерді қарап шығу ұсынылды, бірақ журналист одан бас тартты. Бұған қоса, бірнеше рет жасалған ескертпелерді елемеді. Соның негізінде нысанды күзетуге жауапты полиция полкі рапорт жазды. Рапорт бойынша журналиске 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін ғимаратқа кіруіне шектеу қойылды, – деді Төлегенов сейсенбіде.
Жәния Ұранқаева рапорт туралы Төлегеновтің пікірінен кейін ғана естіп отырғанын айтты.
– Маған ешқандай полиция қызметкері келген жоқ. Қандай да бір рапортпен таныстырған жоқ. Бұл туралы неге бүгін ғана біліп отырмын? Бұл да үлкен жұмбақ, сұрақ тудырады. 2 қыркүйекте үкіметке бардым, ол жерде Мақсат Төлегеновті де көрдім, бірақ маған ешкім ештеңе деген жоқ, – деді Ұранқаева 10 қыркүйекте Facebook-тегі парақшасында.
6 қыркүйекте Press.kz интернет басылымының тілшісі Жәния Ұранқаеваның үкімет үйіне кіруіне шектеу қойылғаны белгілі болды. Ұранқаеваның өзі мұны "цензура" деп есептейді. Ол өзіне қойылған шектеуді 27 тамызда болған оқиғамен байланыстырған. Өткен айдың аяғында үкіметтің баспасөз қызметі журналистердің жұмыс істеу тәртібін өзгертіп, тілшілерді министрлер жүретін үшінші қабаттан төмен түсіріп, онда көтерілуге тыйым салған. Ұранқаева осы күні жоғары көтерілмек болғанда үкіметтің баспасөз қызметі жолын бөгеген, бірақ тілшінің қағаз жүзіндегі негіздемені көрсету өтінішін орындамаған. Бұдан соң Ұранқаева жоғары көтеріліп, дәлізде бірнеше министрден сұхбат алған. Ол "журналистерді төменгі қабатқа түсірудің артында тілшілер министрлерге сұрақ қоймасын деген мақсат тұр" деп біледі.
6 қыркүйекте Қазақстан журналистер одағы тілшінің кіруіне тыйым салған үкімет үйінің шешімін сынға алды. Ұйым "бұған дейін талқыланған журналистерді аккредиттеу туралы жаңа нормаларға қатысты қауіп ақыры шындыққа айналды. Журналистер кәсіби қызметіне атқару кезінде кедергіге ұшырай бастады" деді.
Бұл шектеу Қазақстанның ақпарат министрлігі тамыздың аяғында қабылдаған аккредиттеу туралы жаңа ереже күшіне енген соң қойылып отыр. Құжатта "мемлекеттік органдар өз ғимараты ішінде журналистердің жүріп-тұру тәртібін өзі белгілейді" деп көрсетілген. Үкіметтің баспасөз қызметі журналистердің жұмыс істеу тәртібін осы ережеге сүйеніп өзгерткен.
Журналистер мен медиақауымдастық ақпарат министрлігі қабылдаған ереже "сөз еркіндігін өрескел бұзу" деп дабыл қаққан. Бірақ 2 қыркүйекте ақпарат министр Аида Балаева бұл ережеден "драма жасамауға" шақырды.
ПІКІРЛЕР