Accessibility links

Ресей Орталық Азияның энергия жүйесіне қосылмақ


Электр станциясы. Көрнекі сурет.
Электр станциясы. Көрнекі сурет.

Өзбекстан мен Ресей энергетика министрліктері ресейлік "Жүйе операторын" Орталық Азияның энергия жүйесіне қосуға келісті. Бұл туралы Ресей энергетика министрі Сергей Цивилев Ресей премьер-министрінің Өзбекстанға сапарында жасалған келіссөздер қорытындысын айтқанда мәлімдеді деп жазды ТАСС агенттігі.

"Жүйе операторы" ("Системный оператор") – Ресейдің бірыңғай энергетика жүйесі шеңберінде орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды орындайтын мамандандырылған ұйым.

"Орталық Азияның жеке энергия жүйесі бар, біз оған әзірге кірмейміз. Бірақ ["Жүйе операторы"] Орталық Азияның бірыңғай энергия жүйесін бірге басқару үшін оған кіруі керек, біз бір-бірімізбен байланыстымыз. Өзбек тарапы мұны толық қолдап отыр. Мұны жақын арада істейміз", – деді Ресей энергетика министрі.

Сергей Цивилевтің сөзінше, бұл бастама электр энергиясының коммерциялық экспортына ғана емес, елдер арасындағы ағындарды басқаруға да байланысты. Айтуынша, ол дефицит, табиғи факторлар кезінде энергия жүйелерін лезде теңестіруге мүмкіндік береді.

Өзбекстан энергетика министрлігінің хабарламасында бұл келісім туралы айтылмаған. Хабарламада министрлер екі ел арасында өзара тиімді серіктестікті нығайту, отын-энергетика кешеніне инвестиция тарту және жаңа жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады делінген. Бұған қоса, "Өзбекстан мен Ресей арасындағы энергетика байланысын нығайту бойынша" ұсыныстар айтылды деген.

Бұған дейін Ресей энергиясын экспорттап-импорттайтын негізгі оператор "Интер РАО" компаниясы Өзбекстанға электр энергиясын экспорттау мүмкіндігін пысықтап жатыр деген. Ол күзде басталуы мүмкін.

Қазір Орталық Азияның энергия жүйесіне Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан және Түркіменстан кіреді. Мамырда Тәжікстанның да қосылатыны белгілі болған.

Орталық Азияның энергия жүйесі 1970 жылдары құрылған. Оны Ташкенттегі үйлестіру-диспетчерлік орталық басқарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG