Accessibility links

"Трамп президент болса, Путин Киевте отырар еді". Харрис пен Трамптың дебаты қалай өтті?


Вице-президент және Демократиялық партия атынан кандидат Камала Харрис Республикалық партия кандидаты және АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамппен дебатта қол алысып тұр. 10 қыркүйек 2024 жыл.
Вице-президент және Демократиялық партия атынан кандидат Камала Харрис Республикалық партия кандидаты және АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамппен дебатта қол алысып тұр. 10 қыркүйек 2024 жыл.

АҚШ-та 10 қыркүйекте президенттікке кандидат Камала Харрис пен Дональд Трамп арасында теледебат өтті. АВС News телеарнасы ұйымдастырған дебат 90 минутқа созылды. Бұл 5 қарашада өтетін сайлау алдындағы маңызды сәт саналды. Харрис пен Трамп бұған дейін бір-бірімен кездеспеген, телефонмен де сөйлеспеген. Кандидаттардың дебатта айтқан сөздерінің маңызды тұстарын шолып шықтық.

Дебатты жүргізген модераторлар экономика, жасанды түсік жасату, миграция, билікті бейбіт жолмен беру, Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы соғыс, денсаулық сақтау мәселесіне қатысты сұрақтар қойды. Трамп пен Харрис дебат кезінде бір-бірін жалған сөз айтты деп бірнеше рет айыптады.

РЕСЕЙДІҢ УКРАИНАҒА БАСҚЫНШЫЛЫҒЫ

Трамп президент болып сайланса, Ресейдің Украинаға қарсы соғысына бірден нүкте қоятынын бірнеше рет қайталады. Ол президент қызметіне кіріспей жатып-ақ соғысты аяқтай алатынын айтты. Экс-президент "адамдарды құтқарғысы келетінін", "Украина мен Ресей президенттерін жақсы білетінін" жеткізді. Трамп қазіргі президент Джо Байденді "соғысты аяқтауды, келіссөз жүргізуді білмейді", "соғыс басталғалы Путинге телефон шалмады" деп айыптады.

Ол Украинадағы қақтығыс үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласып кетуі мүмкін деп санайды.

Ал Харрис Трампты "диктаторлардың ісіне тамсанады, өзі де диктатор болғысы келеді" деп айыптай сөйледі.

"Дональд Трамп ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясат мәселесінде әлсіз" деді ол.

Дональд Трамп пен Камала Харрис дебатта тұр. 10 қыркүйек 2024 жыл.
Дональд Трамп пен Камала Харрис дебатта тұр. 10 қыркүйек 2024 жыл.

Харрис әлемдегі диктаторлар мен автократтар Трампқа "манипуляция жасау үшін" соның президент болғанын қалайды деп пайымдайды. Ол Трамп бұл соғысты "беріле салып, аяқтағысы келеді" деп санайды. Демократ кандидат "Украина ракетадан қорғаныс жүйесі, Abrams танкісі және басқа да қаруларды алғанның арқасында еркін әрі демократиялы ел болып қалды" деп мәлімдеді.

Харрис "Егер Дональд Трамп президент болса, Путин қазір Киевте отырып, Польшадан бастап Еуропаның басқа елдеріне көз тігер еді", "Путин Трампты түскі асқа жейтін еді" деп түйреп өтті.

Биыл тамызда Associated Press-NORC жүргізген сауалнамада америкалықтар Украинадағы соғысты шешу мәселесі бойынша екі кандидатқа да жақтаспайтынын көрсеткен. Сауалнамаға қатысқандардың 40 пайызы бұл мәселеде екі кандидатқа да сенетінін айтқан.

Мәскеу Украинаға басып кіргелі АҚШ Киевке көп көмек көрсеткен елдердің бірі болды.

ЭКОНОМИКА

Харрис экономика жайлы сөз қозғай келе "мүмкіндіктер экономикасын" құрып, шағын бизнесті қолдайтынын жеткізді. Ол Трамптың экономика бойынша "ешқандай жоспары жоқ", "өз мүддесін қорғайды" деп айыптады.

"Трамп президент болғанда жұмыссыздықты көбейтіп, денсаулық сақтау саласын әлсіретті" деді Харрис. Ол 2021 жылы Трамп жақтастарының Капитолийге шабуылын меңзеп, "демократияға қауіп төндіргенін" де айтты.

Камала Харрис дебатта сөйлеп тұр.
Камала Харрис дебатта сөйлеп тұр.

Ал Трамп Харристі "марксист", "тарихтағы ең нашар вице-президент" деп атады. Ол Харристің экономика бойынша "жоспары жоқ", "қазіргі президент Джо Байденнің жоспарын көшіріп алған" деп айыптай сөйледі. Бұрынғы президент "АҚШ-тағы қазіргі экономика нашар", "жоғары инфляция орта тапқа да, барлық тапқа да апат болды" деді.

Қазір АҚШ азаматтарын елдегі экономика жағдайы мен инфляция қатты алаңдатады. Сарапшылар экономика мәселесін шешу 5 қарашадағы сайлауда шешуші факторлардың бірі болады деп санайды.

МИГРАЦИЯ

Камала Харрис "шекара арқылы есірткі мен қару таситын трансұлттық ұйымдарды іздейтін жалғыз адам" екенін мәлімдеді. Ол Конгресс миграция саясаты бойынша заң жобасын дайындағанымен, Трамп заңды қабылдамай қойғанын айтты. Харрис Трампты "маңызды мәселелерді шешудің орнына саяси ойындарды жалғастырып жүр" деді.

Трамп жауап ретінде қазіргі билікті АҚШ-қа миллиондаған мигрантты өткізді деп айыптады. Ол Спрингфилдке келген шетелдіктер "ит пен мысықтарды аулап жеді" деді. Теледебаттың жүргізушісі АҚШ-та ит пен мысық етін жеу фактісі болмағанын, Спрингфилд билігі бұл ақпаратты жоққа шығарғанын жеткізді.

Трамп АҚШ қазір "қылмыскерлерді, террористерді және көше ұрлықшыларын елге кіргізіп жатқанын" айтады. Ол "бұл – елдің ең үлкен қателігі, себебі мұндай адамдар елдің құрылымын бұзады" дейді.

Дональд Трамп дебатта.
Дональд Трамп дебатта.

Ал Харрис бұған жауап ретінде Трамптың өзі ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіргенін, экономикалық қылмыс жасағанын және сайлауға кедергі келтіргенін айтты. Трамп өзіне қарсы қозғалған барлық істі "фейк" және "саяси астары бар" деп атады.

АҚШ-тың экс-президенті 2020 жылғы сайлауда жеңілген соң дауыс беру нәтижесіне әсер етпек болды, құпия құжаттарды заңсыз сақтады, жалған ақпарат берді, порноактрисаның "аузын жабу үшін" ақша берді деп айыпталған.

Трамп президент болып тұрған тұста Вашингтон Мексикамен шекараны жауып, мигранттардың көбін өткізбей қойған. Кейін Байден президенттікке келген соң Мексика шекарасы арқылы Латын Америкадан, Азия елдерінен және Орталық Азиядан АҚШ-қа өтетін мигранттар күрт көбейген.

АБОРТ ЖАСАТУ

Дебат кезінде Трамп "зорланған, инцест болған жағдайда және ананың өміріне қауіп төнсе аборт жасатуға болатынын" меңзеді. Ол жоғарғы соттың шешімінен соң әр штат бұл мәселені өзі қарайды, аборт жасату мәселесін федеральды билік қарамайды деп тағы қайталады.

Камала Харрис аборт жасату құқығын қалпына келтіруді қолдайтынын айтып, жасанды түсік жасатуға шектеу қою әйелдерді қорлайды деп санайды. Ол Конгресс жасанды түсік жасау заң жобасын қабылдайтынын және ол заңға қол қоятынын мәлімдеді.

2022 жылы маусымда АҚШ жоғарғы соты штаттарға абортқа тыйым салуға рұқсат берген. Бұл шешімге Трамптың ықпалы болған. Қазір АҚШ-та кемі 14 штатта жасанды түсік жасатуға тыйым салынған. Елде әйелдер аборт жасату конституциялық құқығымыз деп санайды. Харрис президент болса бұл құқықты қайтаратынын мәлімдеп келеді.

ИЗРАИЛЬ-ХАМАС СОҒЫСЫ

Кандидаттар Израильдің ХАМАС ұйымымен (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым деп танылған) соғысы жайлы ұстанымдарын айтты. Харрис Израиль өзін қорғауға құқығы бар деп мәлімдей келе бейбіт палестиналықтар да көп опат болғанын атап өтті. Ол Газа секторындағы соғыс аяқталуы тиіс және екі мемлекет болатындай шешім іздеу керек деп мәлімдеді.

Ал Трамп президент болсам бұл соғыс болмас еді дегенді қайталап, Харрис Израильді жек көреді деп сынады. "Егер Харрис президент болып келсе, екі жылдан кейін Израиль деген мемлекет болмайды" деді ол.

Харрис Трамптың бұл сөзін жоққа шығарып, "Израильды қолдап келгенін айтты".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG