Accessibility links

Киевте Блинкен алыс нысанаға жететін қаруды Ресейге қарсы қолдану мәселесін талқылады


АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен (оң жақта) мен Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэммидің Киевке барған сәті.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен (оң жақта) мен Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэммидің Киевке барған сәті.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми 11 қыркүйек кешке Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен, СІМ басшысы Андрей Сибигамен, Украинаның басқа да ресми өкілдерімен келіссөз өткізді.

Блинкен Украинаға Ресей аумағындағы нысандарға шабуыл жасауға Батыс қаруын қолдануға қойылған шектеуді алып тастау мүмкіндігі жайлы мәселе де талқыланды деді. Мемлекеттік хатшы оның мазмұнын АҚШ президенті Джо Байденге жеткізетінін айтты.

Энтони Блинкен бұл мәселеде алыс жердегі нысананы жоятын қаруды Ресей аумағындағы нысандарға қарсы қолдануға рұқсат берудің арты шиеленіске әкелуі мүмкін деген қауіп бар деді. Оның сөзінше, бұл ескеру керек жалғыз фактор емес.

11 қыркүйек кешке The Guardian газеті Ұлыбритания үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, Лондон Украинаға Storm Shadow зымырандарын Ресей аумағындағы нысаналарға қолдануға рұқсат беру жөнінде шешім қабылдады деп жазды. The Guardian газеті Блинкеннің айтқандарын АҚШ тарапынан тиісті шешімдер қабылдау керегі жайлы ишара деді.

Газет мұндай шешім болмағанда, Лэмми мен Блинкеннің Киевке сапарлап баруы екіталай еді деп жазды. Алайда ол туралы әзірге жария түрде хабарламайды, 13 қыркүйекте Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Вашингтонға сапарлап барғанда да айтылмайды деп отыр. Газеттің жазуынша, "абайсыз я қажет емес" зымыран шабуылын болдырмау үшін бірнеше шектеу әзірге өзгермеуі мүмкін.

Қыркүйекте Вашингтонда Байден мен Зеленский кездеспек. Украина президенті бұған дейін айтқандай, ол АҚШ президентіне Киевтің жеңіс жоспарын ұсынады. 11 қыркүйекте Зеленский жоспардың орындалуы АҚШ көмегіне байланысты деді.

Украина билігі қарулы күштеріне Ресейге алысқа жететін қарумен шабуыл жасауға рұқсат беруді сұрап жатыр. Вашингтон да, Лондон да шектеуді алып тастау туралы ресми түрде айтқан жоқ, бірақ президент Байден мен Блинкен бұл мәселе талқыланып жатыр деді.

Блинкен АҚШ Киевке гуманитарлық және энергетика салалары бойынша 700 млн доллардан астам жаңа көмек бөледі деп хабарлады. Ұлыбритания да жаңа көмек пакетін жариялады.

Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига қару-жарақ жеткізу, соның ішінде әуе қорғанысы құралдарын жеткізу талқыланды деді. Ол тағы алыс нысанаға жететін қару қолдануға қойылған шектеулерді алып тастауға шақырды.

Әзірге АҚШ пен Украинаның басқа одақтастары қақтығыстың күшеюінен я ядролық соғыстан қауіптеніп, Киевке Ресей аумағындағы алыста жатқан нысананы атуға қару қолдануға рұқсат бермей отыр. The Times газетінің хабарлауынша, Ұлыбритания мен Франция Украинаға 560 шақырымға дейінгі қашықтағы нысананы жоя алатын Storm Shadow зымыранын қолдануға рұқсат беруге дайын, бірақ олар АҚШ шешімін күтіп отыр.

Бұған дейін Украина Қырымдағы ресейлік әскери теңіз нысандарына шабуылға Storm Shadow зымырандарын пайдаланған. Халықаралық қауымдастықтың басым бөлігі Қырымды аннексиялап алған Ресейдің түбекті өз территориясы деп жариялаған шешімін мойындамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG