Accessibility links

Маңғыстау облысында тағы 16 оқушы іші ауырып, дәрігерге қаралды


12 қыркүйек кешке Маңғыстау облысы Бейнеу ауылында жалпы білім беретін мектептің 16 оқушысы аудандық жедел жәрдем бөлімшесіне іші ауырғанын айтып шағымданған. Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы бір топ оқушы судан ұшынған деп хабарлады.

Дәрігерге қаралған оқушылар түнде үйіне қайтарылған. Денсаулық сақтау басқармасы оқушылардың денсаулығы қалыпты, 13 қыркүйекте бәрі мектепке барды деген мәлімдеме таратты.

Ақпаратқа қарағанда, Бейнеу ауданындағы санитария-эпидемиология басқармасының мамандары мектептеy ас-су сынамаларын алып, сараптамаға жіберген.

Өткен аптада Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы жалпы білім беретін мектепте оқитын 400-ден аса оқушы қызуы көтеріліп, іші өтіп, жүрегі айныған соң дәрігерге қаралып, оның жүзге жуығы ауруханаға жатқызылған. Осы жайт бойынша Қылмыстық кодекстің "Санитария қағидаларын немесе гигиена нормативтерін бұзу" бабы бойынша іс қозғалған.

11 қыркүйекте денсаулық сақтау министрлігі инфекциядан зардап шегіп, облыстық балалар ауруханасында емделіп жатқан 43 бала жазылып, ауруханадан шықты деп хабарлады. "Бәрінің жағдайы жақсы, 53 бала әлі емделіп жатыр, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ", – деді денсаулық сақтау министрлігі.

Қазақстан мектептерінде бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ беріледі. Оны ұйымдастыратын жергілікті әкімдіктер орындаушыны анықтайды. Түскі астың жан басына шаққандағы орташа бағасы 577 теңге (1,2 доллар). Елде ас сапасына қатысты шағым жиі айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG