13 қыркүйек күні АҚШ президенті Джо Байденмен келіссөзден шыққан Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер Украинаға Ресей жерін атқылауға қойылған шектеу бойынша жаңа шешім айтқан жоқ. Ақ үйдегі бұл кездесуде "Вашингтон мен Лондон Украинаға өзі берген қарумен Ресей жерін атуға рұқсат бере ме, жоқ па?" деген сұрақтың нүктесі қойылуы керек еді. Сейсенбі күні Байденнің өзі "Украинаға қойылған шектеуді алып тастауды қарастырып жатырмыз" деп мәлімдеген.
BBC агенттігінің жазуынша, "Украинаға берілген британдық Storm Shadow зымыранымен Ресей жерін атқылауға рұқсат беруге Байденді көндіре алдыңыз ба?" деген сұраққа Стармер нақты жауап бермеген. Премьер-министр "Байден екеуіміз Украина, Таяу Шығыс пен Үнді-Тынық мұхиты өңірі бойынша ұзақ әрі өнімді талқы өткіздік" деген.
Ал кездесуден соң Ақ үй "Иран мен Солтүстік Кореяның Ресейге жойқын қару бергеніне алаңдаушылық білдіреміз" деген мәлімдеме жасады.
АҚШ бұған дейін Украинаға басқа қару-жарақпен қатар ATACMS зымырандарының ең ұзақ нысанаға тиетін, яғни 300 шақырымға дейін жететін түрін берген. Бірақ оны тек Украина аумағында қорғаныс мақсатында атуға болады деп, Ресей террориториясын көздеуге рұқсат етпеген. Британдық "Таймс" газеті кездесу қарсаңында дереккөзіне сілтеп, "Ұлыбритания премьері Стармер президент Байденді Киевке берген британдық зымыранмен Ресей жерін атқылауға рұқсат етуге көндірмек" деп жазған.
Украина президенті Владимир Зеленский бірнеше айдан бері Вашингтоннан бұл шектеуді алып тастауды сұрап келеді. Бірақ АҚШ өтінішті мақұлдамай келеді. Вашингтон "Ресейге қарай зымыран атуға рұқсат беру соғыс барысына әсер етпейді" деп санайды. АҚШ билігінің мәліметінше, Мәскеу өзінің әуе және құрлық күштері бойынша маңызды әскери нысандарын шекарадан алысқа әкетіп, мейлінше қауіпсіз жерге шоғырландырған. Оған қару жетпеуі де мүмкін. Одан бөлек, Вашингтон Киевке америкалық қарумен Ресейді атқылауға рұқсат берген соң соғыс тіптен күшейіп кете ме деп қауіптенеді. 10 қыркүйекте Республикашыл партияның бір топ мүшесі президент Байден мен вице-президент Камала Харриске хат жазып, Ақ үйдің екі уәжін де сынға алған.
12 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин "Киев режиміне Батыс қаруымен Ресей жерін атуға рұқсат беру НАТО-ның қақтығысқа тікелей араласуға бел буғанын білдіреді" деп, "Мәскеуге төнген қауіпке қарай шара қолданатынын" мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР