Accessibility links

Қырғызстан Ресейде жүрген тігінші және құрылысшы азаматтарын елге қайтуға шақырды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов Ресейде жұмыс істеп жүрген қырғыз тігіншілері мен құрылысшыларын еліне қайтуға шақырды. Еңбек мигранттарына үндеуін Алагөзов 14 қыркүйек күні Facebook парақшасында жариялады.

Шенеуніктің жазуынша, Қырғызстандағы тігін және құрылыс саласында жұмыс күші тапшы. "Мұндағы жалақы Ресей табатын ақшамен бірдей болады" дейді Алагөзов. Ол елдің еңбек министрлігіне тиісті нөмірге не WhatsApp арқылы хабарласуға болатынын айтқан.

Қырғызстанның еңбек министрлігінің дерегінше, 2023 жылы 20 мың бос жұмыс орны болған. 2024 жылдың мамырындағы дерек бойынша, оның 6 мыңына әлі адам табылмаған. Жұмыс күшінің жетіспеушілігінен компаниялар шетелдік азаматтарды жалдай бастағаны хабарланып еді.

Қыркүйектің басында Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі азаматтарын "аса маңызды себеп" болмаса, Ресейге бармауға шақырған. Бішкек азаматтарына мұндай ескертуді бұдан бұрын биыл наурызда "Крокус Сити Хол" сауда үйіндегі терактіден соң жасаған.

Кейінгі жылдары Орталық Азиядан Ресейдеге барып жұмыс істеп жүрген еңбек мигранттары шекарадағы тексеріс пен ресейліктер тарабынан ксенофобия күшейгеніне шағынған. Оларға құқық қорғау органдары да, әсіреұлтшыл топтар да қысым көрсетеді. Ал мигранттардың балаларына мектепке орналасу қиын. Ресейде мигранттарға отбасын көшіріп әкелуге тыйым салуды, ал елде жүрген мигранттардың балаларын мектеп пен балабақшаға тек ақылы түрде қабылдау туралы ұсыныс айтылып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG