Accessibility links

Жезқазған полигонында оқу-жаттығу кезінде офицерге оқ тиген


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Жезқазған қаласындағы 6505 әскери бөлімінің оқу полигонында жауынгерлік оқу-жаттығу кезінде бір әскери қызметші жарақат алғаны хабарланды. Бұл туралы қазақстандық inform.kz сайты жазды.

Оқиға 12 қыркүйекте жауынгерлік дайындық кезінде болған. Оқу-жаттығу алаңында Ұлттық ұлан әскери бөлімінің жауынгерлері атыс жаттығуын өткізген.

"Қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан офицер аяғынан жеңіл жанама жарақат алған. Оған сол жерде медициналық көмек көрсетілді. Жағдайы бірқалыпты, өмірлік маңызды ағзалары зақымданған жоқ" деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.

Ұлттық ұлан оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып, қызметтік тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Бұған дейін, 2 қыркүйекте Сарыөзек гарнизонындағы 12 740 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі қару-жарақты қолдану ережесін бұзу салдарынан оң қолын атып жібергені хабарланған. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Ал 8 қыркүйекте Маңғыстау облысы "Оймаша" полигонындағы оқу-жаттығу жиынында кезекші 9 мм ПМ қаруынан (Макаров тапаншасы) рұқсатсыз оқ атып, оқ мерзімді әскери қызметтегі қатардағы жауынгердің бетіне тиді деген хабар тарады. Сарбаз госпитальға бара жатқан жолда қаза болған. 8 қыркүйекте Бас әскери прокуратура "Оймаша" полигонындағы жағдайға байланысты күдікті ұсталып, Ақтау қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды деп хабарлады. Іс "қасақана кісі өлтіру" бабымен тергеліп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG