Өскемен қаласының әкімдігі 30 тамызда экс-шенеунік Ислам Әбішевке берген “қаланың дамуына ерекше үлес қосқаны үшін” деп аталатын төсбелгінің күшін арада жарты ай өткенде жойды. Бұған әлеуметтік желі қолданушыларының Ислам Әбішевтің 2020 жылы “жемқорлық” бабымен сотталғанын еске салып, сынауы түрткі болған. Бұл жөнінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жазды. Ақпаратты қала билігі Азаттық радиосына растады.
— Ислам Әбішевке берілген “Өскемен қаласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін” деп аталатын төсбелгінің күші жойылды. Айрықша марапат беру жөніндегі қалалық комиссия ақылдаса келе осындай шешімге келді. Себебі Ислам Әбішевке марапат берілгеннен кейін әлеуметтік желілерде әртүрлі пікірлер айтылды. Оның бұрын қаланы басқарған кезде еңбек сіңіргенін айтқандар да, кейін “былыққа араласты” деп сынағандар да болды, — деді Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлібек Тұрсымбетов.
Оның сөзінше, экс-шенеунікке төсбелгі беру жөнінде ұсыныс қоғамдық ұйымдар атынан айтылған.
“Ұсынысхат авторлары Әбішевтің кезінде (2009-2012 жыл) қалада түрлі әлеуметтік нысандар салынып, қала келбеті жақсарды. Әлі күнге халық айтып жүретін өзгерістер болды” деп өтініш айтты. Біз мұндай ұсыныстан бас тарта алмадық” деді ішкі саясат бөлімінің басшысы. Бірақ ол ұсыныс түсірген нақты қай ұйым екенін айтпады.
Азаттық радиосының тілшісі төсбелгінің күші жойылғаны жөнінде пікірін білу үшін Ислам Әбішевтің өзіне хабарласты. Ол жаңалықты естімегенін айтты.
— Медалі менде, куәлігі менде. Күші жойылды дегенді естіген жоқпын, — деді Әбішев телефон арқылы.
Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысына қайтадан қоңырау шалғанымызда “төсбелгінің күшін жойылғаны рас, марапаттан сырттай айыруға болады” деді.
Ислам Әбішевке арнайы төсбелгіні 30 тамызда Өскемен әкімі Жақсылық Омар қала тұрғындарының алдында, үлкен сахнада табыстаған. Сол сәтте қала күні тойланып, концерт ұйымдастырылып жатқан болатын.
Өскеменде жыл сайын 30 тамызда қала күні аталып өтеді. Мейрам қарсаңында қала билігі түрлі марапат үлестіреді.
Ислам Әбішев Өскеменде 2009-2012 жылдар аралығында әкім болған. 2019 жылы ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитетінде төраға болып тұрған кезде “пара алуға әрекеттенді” деген айыппен тұтқындалып, 2020 жылы 5 жылға түрме жазасына кесілген. Бірақ 2021 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан.
Ислам Әбішевке марапат берілгенін сынаушылар оның осы “Жемқорлық” бабымен сотталғанын айтады. Мұндай сынды алғашқылардың бірі болып Ratel.kz сайты да жазған. “Ол (Ислам Әбішев - ред.) қала әкімі болып тұрған кезде бірнеше субұрқақ салуы, айтарлықтай шатаққа ілінбеуі, қыста қала көшелерін таза ұстауы сынды жағымды жақтарымен есте қалды. Бірақ бір қырсығы бар. Кейін 2020 жылы ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетін басқарып тұрғанда ондаған миллион теңге пара алуға әрекеттенді деген айыппен астаналық мамандандырылған ауданаралық сотта қылмыстық жауапқа тартылған еді” деп жазады басылым 2 қыркүйекте жариялаған мақаласында.
ПІКІРЛЕР