Accessibility links

Өзбекстан мен Германия көші-қон саласында келісімге қол қойды


Германия канцлері Олаф Шольц (сол жақта) және Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев.
Германия канцлері Олаф Шольц (сол жақта) және Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев.

Жексенбі күні Самарқанда Өзбекстан мен Германия басшыларының келіссөзінен кейін екі тарап көші-қон саласында келісімге қол қойды. Бұл жөнінде Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Германия канцлері Олаф Шольц Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевтің шақыруымен Өзбекстанға ресми сапармен 15 қыркүйекте барған. Жексенбі күні екі жақтың делегация өкілдері арасында келіссөз өтті.

Канцлердің ресми сапары аясында екі жақты сегіз құжатқа қол қойылды. Арасында көші-қон және мобильділік саласында екіжақты әріптестік туралы үкіметаралық келісім де бар.

"Құжат осы салада ашықтық пен жүйелі әріптестікті қалыптастыруға бағытталған" деп хабарлады өзбек президентінің баспасөз қызметі.

Ақпаратқа қарағанда, тараптар сонымен бірге Германияда сұранысқа ие өзбек мамандарын дайындау және бағытау бойынша "жол картасын" әзірлеуге де келіскен.

"Біз Германияға дарынды жұмысшыларды әкелуге жағдай жасаймыз, сонда экономикамыз өсе алады. Осы ретте үйлеріне оралғысы келгендер орала алуы үшін қарапайым, бюрократиялық емес процедураларды келісіп жатырмыз." деді Германия канцлері Олаф Шольц.

Өзбекстан билігінің мәліметінше, былтыр Өзбекстан мен Германия арасындағы сауда көлемі миллиард еуродан асқан. Жыл басынан бері неміс компаниялары Өзбекстанның экономикасына 800 млн еуро инвестиция салған.

Олаф Шольцтың Орталық Азияға сапары барысында халықаралық құқық қорғау ұйымдары Германия канцлерін аймақтағы адам құқығы мәселесіне назар аударуға шақырған.

Дүйсенбі күні Шольц ресми сапармен Астанаға келеді. Жоғары деңгейдегі "5 + 1" форматы бойынша саммит өтпек. "Германия – Орталық Азия" алғашқы саммиті былтыр қыркүйекте Берлинде өткен.

XS
SM
MD
LG