Қырғызстан көкпар федерациясы Қазақстан көкпар құрамасының ойыншыларын 1 қарашада Ыстықкөл облысы Шолпан-Ата қаласында болатын Бірлік кубогына шақырды. Бұл туралы 16 қыркүйекте Қырғызстан көкпар (кок-бору) федерациясының басшысы Рамис Жунусалиев баспасөз мәслихатында айтты.
Жунусалиев Қазақстан тарапына шақырту жіберілгенін атап өтті.
"Қырғызстан көкпар федерациясы Қазақстан көкпар федерациясымен серіктестікті жалғастыра береді және қарым-қатынасқа дайын. Көшпенділер ойыны кезіндегі түсініспеушілік төрешілер қателігінен болды. Төрешілер шешіміне я бірнеше ойыншының әрекетіне бола екі ел араздаспауы керек. Біз көкпар жанкүйерлерін бірлікке шақырамыз" деді ол.
Қырғызстан тарабы көкпардан турнирлерді жиі өткізу түсініспеушіліктерді жойып, екі ел қарым-қатынасын дамытады деп санайды. Қырғызстан қарашадағы турнирді қауіпсіздік үшін көрермендерсіз өткізіп, төрешіні үшінші елден шақырмақ.
Қазақстан көкпар федерациясы бұл шақыртуға әзірге жауап берген жоқ.
Өткен аптада Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезіндегі көкпар финалында Қазақстан құрамасы Қырғызстаннан 5:4 есебімен басым түскен. Ойын кезінде Қазақстан ойыншысы Қырғызстан ойыншысын қамшымен ұрып жіберген. Бұған төрешілер реакция танытпай, Қырғызстан құрамасының шағымынан соң ғана ойыншы ойыннан қуылған. Матчтан соң Қырғызстан ойыншылары ойын әділ өтпеді деп мәлімдеген еді.
ПІКІРЛЕР