Accessibility links

Әскерде комаға түскен Ербаян Мұхтарды ата-анасы Германияда емдетпек


Ербаян Мұхтардың ата-анасы мен заңды өкілі Инга Иманбай баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Астана, 17 қыркүйек, 2024 жыл.
Ербаян Мұхтардың ата-анасы мен заңды өкілі Инга Иманбай баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Астана, 17 қыркүйек, 2024 жыл.

Былтыр желтоқсанда әскерде жүргенде жұмбақ жағдайда басы жарылып, төсек тартып қалған Ербаян Мұхтар жуық арада Германияда емделуі мүмкін. Бұл туралы 17 қыркүйекте оның ата-анасы мен заңды өкілі Инга Иманбай Астанада өткен баспасөз мәслихатында хабарлады. Ербаянның жақындары Еуропадан қандай клиника таңдағанын әзірге айтпады, сол жаққа жеткенде хабарлаймыз деді.

Үй ішінің айтуынша, қазір жол мәселесі қиындық туғызып тұр. Олар санавиацияны қолдану бойынша денсаулық сақтау министрлігінен көмек сұраған.

– Ұшып баруға өзіміз ақша шығаратын болсақ, халық жинап берген қаржының жартысы соған кетейін деп тұр. Содан ем-домды толық ала алмай қаламыз ба деген қорқыныш бар, – деді Ербаянның әкесі Хамит Айтмағамбетов.

Ербаянның әкесі желіде де көпшілік "емге қажет қаржы жиналды, шетелде емдетуге неге апармай жатсыңдар?" деп сұрап жатқанын айтты. Оның сөзінше, Ербаянның құжаты әлі дайын емес.

– Денсаулық сақтау министрлігі [Ербаянның ісін] қолға алғаннан кейін, үйге дәрігерлер келіп, тексерді. Олар баланы ұшыруға әлі ерте, жолға дайындау керек деп айтты", – деді ол.

Алматыда әскердегі сарбаз комаға түсті. "Өзі құлап қалды" дегенге ата-анасы сенбейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:00 0:00

Хамит Айтмағамбетов пен олардың заңды өкілі Инга Иманбай баспасөз мәслихаты алдында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездескенін мәлімдеді, министр санавиация мәселесін шешуге тырысамын, 10-15 күн күту керек деп жауап берген.

Ербаянның ата-анасының айтуынша, оның диагнозы мен медициналық көрсеткіштерін зерттеген неміс дәрігерлері оның аяқтан тұрып кетуіне 80 пайыз кепілдік берген. Әкесі қазір Ербаянның жағдайы жаман емес деді.

Instagram әлеуметтік желісінде Ербаянға арналған парақша ашылып, жақындары оның еміне көмектесуді сұрады. Жас жігіттің төсек тартып жатқан видео-фотосы желіде көп тарап, жұрт анасының шотына жаппай ақша аудара бастады. Қазір Ербаянның еміне 230 млн теңге (480 мың АҚШ доллары) жиналған.

Бірер күн бұрын ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов AMANAT партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңес отырысында "Ербаян дәретханаға барғанда жығылып, жарақат алған. Қазіргі жағдайы одан емес" деп мәлімдеген. Үмбетовтің сөзінше, Ербаян емделіп жатқанда өкпесі қабынып, гайморитке шалдыққан.

Жігіттің жақындары бұған келіспейді. Анасы Гүлсім Қамиеваның айтуынша, ұлы бұрын-соңды мұндай сырқатпен ауырмаған.

«Мұрны да сынған». Комадағы сарбаздың туыстары тергеу «шалалығына» наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:18 0:00

Заңгер Инга Иманбай Үмбетовтің мәлімдемесін этикаға сай емес деді. Ол "тергеу жүрмеген, іс сотқа жақындамаған жерде болжам, долбар жасаудың қажеті жоқ" деді. Инга Иманбай тергеудің баяу жүріп жатқанына шағынды.

Бұған дейін әскери бөлім "сарбаз дәретханада құлап, басын кафельге соғып алды" деген. Заңгердің айтуынша, іс осы жерден тоқтап қалған.

– Камераға түскен видеоны Ербаянның ата-анасы көрді. Тергеуші оны маған әлі көрсетпей отыр. Түнгі сағат екі, әжетханада және оның маңында 7-8 адам жүр. Ішінде бір сержант, тағы бір әскери отырады. Сарбаздар бір-екі минут сайын әжетханаға кіреді, шығады. Кейбірі мұрнынан қан ағып, оны басып шығады. Ербаянды қан-қан күйінде әжетханадан шығарып алып кеткен соң қолына белдік ұстаған бір сержант шығады. Осы кадрларды, Ербаянның жарақаттарын көре тұрып, әскерилердің істі "өзі құлады" деп тоқтатып тастағаны бізге күмән ұялатады, – деді заңгер Инга Иманбай.

Биыл тамызда ішкі істер министрлігі Ербаянның ісі бойынша тергеу жалғасып жатыр, бұл іс министрлікке қарасты әскери-тергеу департаментінің бақылауында деп хабарлаған.

22 жастағы Ербаян Мұхтар былтыр көктемде өз еркімен әскерге кеткен. Ол азаматтық борышын Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде өтеп жүрді. Бірақ желтоқсанда әжетханада басы жарылып, комаға түскен. Төрт айдай ес-түссіз жатып, биыл мамырда оянған. Жігіттің ата-анасы әскери бөлімнің ресми мәлімдемесіне сенбейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG