Accessibility links

Полиция "Майқайыңдағы" құтқарушылардың өліміне байланысты алты күдікті ұсталғанын растады


2024 жылы 4 қаңтарда автобус құлаған шұңқыр.
2024 жылы 4 қаңтарда автобус құлаған шұңқыр.

Павлодар облысының полициясы "Майқайың" кеніші аумағында қаза болған құтқарушылардың өліміне қатысты іс бойынша алты күдікті ұсталып, изоляторға қамалғанын растады.

Ұсталғандар арасында "Майқайыңалтын" алтын өндіруші компанияның қызметкерлері де бар. Ұсталғандар компанияның қазіргі қызметкерлері ме, әлде бұрынғы қызметкерлері ме, полиция мен сот бұл жағын ашып айтпады.

Компанияның алты қызметкерінің ұсталғаны туралы ақпарат 18 қыркүйекте кешке пайда болған. Сәрсенбі күні кешке тергеу соты оларды қамау туралы істі қараған.

Павлодар облысының ауданаралық тергеу сотының қылмыстық істерді қарастыру кестесінде алты адамның аты-жөні көрсетілген. Олардың арасында "Майқайыңалтын" компаниясының бұрынғы бас директоры да бар. Ол жыл басындағы төтенше оқиғадан кейін қызметінен алынған. Тізімде оның орынбасарлары мен өзге де жетекшілер, бас инженер бар. Төтенше оқиғаны зерттеген арнайы комиссия осыған дейін оқиғаға осы тұлғалар жауапты екенін айтқан еді. Ол кезде комиссия жеті адамның аты-жөнін атаған.

Ауданаралық тергеу сотына Азаттық сұрау салғанмен әзірге жауап түскен жоқ. Сот телефон тұтқаларын да көтермей жатыр. Азаттық сонымен бірге ақпаратты анықтау үшін облыстық сотқа да хабарласқан. Алайда олар ақпарат беруден бас тартты.

—Бұл сотқа дейінгі ақпарат болғандықтан айта алмаймыз. Бұл сұрақ бойынша полиция немесе прокуратураға жолығыңыздар, – деді Азаттыққа Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.

Азаттық Павлодар облысының полиция департаментіне ұсталғандарды қамауға санкция бергені-бермегені туралы хабарласқан. Олар "Майқайың" кеніші аумағында қаза болған құтқарушылардың өліміне қатысты іс аясында алты адам ұсталғанын ғана растап, сотқа хабарласу керектігін айтты.

Іс "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы бойынша тергеліп жатыр.

—Олар ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалды. Қамау жөнінде соттан сұраңыздар. Бұдан басқа ештеңе айта алмаймыз, – деді Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Азаттық "Майқайыңалтын" компаниясына да ұсталғандар жөнінде ақпарат алмақ болып хабарласқан. Жаңалық шыққанға дейін жауап түспеді.

Биыл қаңтар басында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы "Майқайың" кеніші аумағында құтқарушылар отырған автобус шахта маңындағы шұңқырға түсіп кеткен. Автобуста үш құтқарушы мен бір жүргізуші болған. Сол кезде екі құтқарушының мәйіті табылған. Қалған екі құтқарушының денесі алты жарым айдан кейін – тамызда табылған еді.

Қаңтар соңында арнайы комиссия "Майқайыңалтын" компаниясының жауапты тұлғалары өндіріс жұмысын тиісті дәрежеде ұйымдатырмаған және тау-кен жұмыстарын жүргізген кезде қауіпсіздік талаптарын қадағаламаған деп тұжырымдаған. Компания мұны жоққа шығарып, комиссияның актісін дауламақ болған. Астананың әкімшілік соты комиссияның қорытындысын растады.

Қаза болған құтқарушылардың туыстары жұмыс берушіні - Кәсіби әскериленген апаттық-құтқару қызметінің республикалық орталық штабын да, алтын өндірген компания "Майқайыңалтын" компаниясын да кінәлаған. Ал компания өкілдері құтқарушылардың өздері мен штабты айыптаған.

XS
SM
MD
LG