Accessibility links

Байден және Харрис келесі аптада Зеленскиймен кездеседі


Украина басшысы Владимир Зеленский және АҚШ президенті Джо Байден шілдедегі НАТО саммитінде
Украина басшысы Владимир Зеленский және АҚШ президенті Джо Байден шілдедегі НАТО саммитінде

26 қыркүйекте АҚШ президенті Джо Байден Вашингтонда Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездеседі. Бұл жөнінде Ақ үйдің баспасөз қызметі хабарлады. Вице-президент, АҚШ-тағы президент сайлауына демократтар атынан қатысатын Камала Харрис Зеленскиймен жеке кездесу өткізеді.

"Басшылар Ресей мен Украина арасындағы соғыс жағдайын, оның ішінде украиналық стратегиялық жоспары мен АҚШ-тың Украинаға Ресей басқыншылығынан қорғануына көмектесу мәселесін талқылайды. Президент пен вице-президент Украинаны соғыста жеңгенге дейін қолдайтындықтарын атап өтпек" деп жазылған Ақ үйдің хабарламасында.

Зеленскийдің баспасөз хатшысы Юрий Никифоровтың айтуынша, АҚШ-та президент сайлауына республикашылдар атынан қатысатын Дональд Трамппен де кездесу жоспарланған.

Никифоровтың сөзінше, Байденмен кездесу кезінде Украина президенті "жеңіс жоспарын" таныстырмақ. Мәселе Ресей шабуылына тойтарыс беру мен Украина шарттары негізінде бейбітшілікке қол жеткізу жоспары жөнінде болып отыр.

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Джо Байденмен кездесу кезінде таныстыратын жоспары төрт кезеңнен тұратынын мәлімдеген. Оның сөзінше, бірінші кезеңі – қауіпсіздік, екіншісі – Украинаның геосаяси орны, үшіншісі – "өте қуатты әскери қолдау" және төртіншісі "экономикалық қолдауға" байланысты.

Украина президенті БҰҰ Бас ассамблеясының жиынында да сөз сөйлеп, халықаралық ұйымдар мен бірқатар елдердің басшыларымен келіссөз өткізбек.

XS
SM
MD
LG