Ресей президенті Владимир Путин 25 қыркүйекте қауіпсіздік кеңесі отырысында мемлекеттік ядролық доктринаға өзгерістер енгізуді ұсынды. Путин Мәскеу ядролық қару қолдануға құқығы бар деп есептейтін әскери қауіптер тізімін ұлғайтқан жөн деді.
Доктринаның жаңа нұсқасында Ресейге ядролық қарумен ғана емес, конвенциялық қарумен де жаппай шабуыл жасалған жағдайда ядролық қару қолдануды ұсынған. Путиннің сөзіне қарағанда, конвенциялық қаруға стратегиялық немесе тактикалық авиация ұшақтары, қанатты зымыран, дрон, гипердыбысты зымыран және басқа ұшатын аппараттар жатады. Мәскеу Ресейге әуе-ғарыш шабуылы басталғаны туралы сенімді ақпарат алса, жауап ретінде ядролық қару қолдануы мүмкін.
Жалпы Ресей "егемендігіне қауіп төндіретін" кез келген іс-әрекетке ядролық қару қолдану құқығын беруді ұсынып отыр.
Ресей одақтас мемлекет мүшесі Беларусьті де қорғауға ядролық қару қолдануы мүмкін.
Путин "кез келген ядролық қарусыз елдің ядролық қаруы бар мемлекеттің қатысуымен я қолдауымен Ресейге қарсы көрсеткен агрессиясын бірлескен шабуыл" деп қарастыруды ұсынды.
Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Путиннің мәлімдемесі туралы "Ресейде ядролық [қару қолдану туралы] қоқан-лоқыдан басқа ештеңе жоқ, әлемді қорқытар құралы жоқ. Мұндай құралдар іске аспайды" деді.
Биыл шілдеде Санкт-Петербургтегі форумда сөйлеген Путин ядролық доктринаны өзгерту туралы ойды жоққа шығармады, алайда қазір ядролық қару қолдануды "ойлаудың" қажеті жоқ деп айтқан.
ПІКІРЛЕР