6 қазанда Қостанай облысы Рудный қаласындағы диірмен кешені аумағында ұн салатын бункерден төрт адам өлі табылды. Бұл ақпаратты кеше Қостанай облысының полиция департаменті растады.
8 қазанда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми сайтында марқұмдардың аты-жөнін жариялады: Е. Бошықов (1987 жылғы), А. Өтегенов (1994 жылғы), Д. Қалауов (1978 жылғы), С. Шәкіртаев (1976 жылғы).
Министрлік мәліметінше, диірмен кешенін Imperial Agro Group ЖШС жалға алып істеген. Олардың айтуынша, Бошықовпен арада азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасалған. Марқұм іске қосу-реттеу жұмыстары бойынша технолог ретінде қызмет көрсеткен.
– ЖШС директоры қаза болған өзге азаматтар туралы білмейді, өйткені олармен еңбек шарты болмаған, – деді министрлік.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Рудныйдағы жайтты "жазатайым оқиға" деп атады. Бұл оқиғаның мән-жайын мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті құрған комиссия анықтамақ.
Бұған қоса, министрлік 5 қазан кешке "Қазақмыс" корпорациясының Қарағанды облысы Балқаш қаласы маңындағы "Саяқ" шахтасы аумағында "Балқаштүстіметалл" өндіріс бірлестігінде үш жұмысшысы газдан уланған деп хабарлады.
"Жазатайым оқиға салдарынан тау-кен шебері Д.Игембаев (1990 жылғы) пен бұрғылаушының көмекшісі М. Тұрыспаев (2001 жылғы) қаза тауып, бұрғылаушы О. Зекей (1967 жылғы) Балқаш қаласының ауруханасына түсті" деді министрлік.
Бұл оқиғаның да мән-жайы мен себептерін тергеу үшін арнайы комиссия құрылды деді министрлік.
ПІКІРЛЕР