Ақтөбеде қарсы бағытқа шығып, әке-шешесі мен үш бауырының өліміне себепкер болған полиция қызметкері 5 жылға сотталды.
Сот үкімі 10 қазан күні шықты.
Үкім шығардан үш сағат бұрын соңғы сөзін айтқан экс-полицей соттан бас бостандығынан айырмауды сұраған болатын. Үкімді тыңдау үшін сот залына полицияның 20 шақты қызметкері жиналды. Аудандардағы полиция қызметкерлері сотты онлайн режимде көріп отырды.
Тергеу 28 жастағы сотталушыға “көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзып, екі немесе одан да көп адамның өліміне себепкер болды” деп айып таққан. Прокурор оны 5 жылға соттауды сұраған.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Алтынбек Сабыров сотталушыны 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жылдық түрме жазасын кесті. Сотталушының туыстары үкімге разы емес, апелляция алқасына шағымданбақшы.
Бұл оқиға 26 тамыз күні Самара – Шымкент тасжолында болған. Қобда ауданы Әлия Молдағұлова атындағы ауыл маңында Mercedes маркалы жүк көлігі мен Volkswagen Polo жеңіл көлігі соқтығысып, төрт адам бірден қаза болған. Жол апатына ұшыраған көліктегі үш баланың ең кішісі 4 жасар сәби ауруханаға жеткен соң көз жұмған. Бұл апаттан бір отбасының бес адамы мерт болған.
Оқиға болған жерде тіл тартпастан кеткен ерлі-зайыптылар сотталушының ата-анасы. Ал 14 жастағы ер бала туған інісі.
Апат болған жерде мерт болған 12 жастағы қыз бала мен ауруханада жан тапсырған 4 жасар сәби - сотталушының ағасының балалары.
Volkswagen Polo көлігін жүргізген полиция қызметкері апаттан аман қалған. Бірақ қабырғалары сынып, түрлі жарақат алған.
Тергеу материалдарына қарағанда, еңбек демалысында жүрген 28 жастағы азамат әке-шешесі мен бауырларын Ақтөбе қаласынан туған жері Ойыл ауылына апара жатқан. Өзі де Ойыл ауданының тумасы. Бірақ соңғы жылдары жұмыс бабымен Хромтау қаласында тұрған.
Биыл Ақтөбе аумағындағы тасжолдарда 121 адам мерт болған. Жол апатына ұшырап, қаза тапқандардың 21-і бала.
ПІКІРЛЕР