15 қазанда Атырау қалалық №2 сотында маусым айында "Дина" базарында кісі қолынан қаза тапқан Амандық Сағынғалиевтің өліміне қатысты сот басталды.
Тергеу мәліметінше, 5 маусымда 56 жастағы Сағынғалиев базарға сауда жасауға келіп, "Газель" жүк көлігін қойып жатқанда жанында тұрған "Mercedes-Benz" көлігінің есігін сырып кетеді. Осы кезде ашуға мінген көліктің иесі Сағынғалиевты аяусыз соққыға жығып, оны ауыр жаралайды. Қызылқоға ауданы Қарабау ауылының тұрғыны облыстық аурухананың жансақтау бөліміне түсіп, 10 маусымда есін жимастан көз жұмды.
Марқұмның өліміне кінәлі деп айыпталған 39 жастағы Мұхтар Ахмедов 6 маусымнан бері қамауда отыр. Оның марқұмға қол жұмсап, басынан бірнеше рет ұрғаны камераға түсіп қалған. Бұл бейнежазба маусымда желілерде де тарап, қоғамда резонанс туғызған еді.
Прокурор Нұрболат Рзабек айыптау актісін оқып, Ахмедовке "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру арқылы абайсызда адам өлтіріп алу" бабы бойынша айып тағылғанын айтты. Прокуратура айыпталушы "ауыр санаттағы қасақана қылмыс жасаған" дейді.
Ахмедов айыппен ішінара келісетінін айтты.
Айыптау актісіне сай, айыпталушы Ахмедов азық-түлік сатып алу үшін Атыраудағы "Дина" базарындағы қойма алдына "Mercedes-Benz" көлігін қойған. Осы кезде сатып алған заттарын тиеп жатқанда марқұм Сағынғалиев "Газель" жүк көлігін қоятын орын таба алмай, енді тоқтай бергенде Ахмедовтың көлігінің есігін байқамай майыстырып алады. Көлігіне зақым келгеніне ашуланған Ахмедов Сағынғалиев көлігіне жұмыртқа лақтырады. Мұны түсінбеген Сағынғалиев көлігінен түсіп, сыртқа шығады. Осы кезде Ахмедов оны аяусыз соққыға жығады. Айыптау актісінде марқұмның басына тоғыз рет соққы жасалғаны айтылады.
Прокурордың сөзінше, сот-медициналық сараптама да Сағынғалиевтің қазасы жабық бас-ми жарақаты салдарынан болғанын, бас сүйектері жарылып, миына қан құйылғанын көрсеткен.
Келесі сот отырысы 30 қазанға белгіленді. Судья Зәуре Қазақбай сотқа қатысушылардың көп екенін ескеріп, келесі отырыс кең залда өтетінін айтты. Онда алдымен куәгерлерден, кейін сарапшылардан, одан соң жәбірленушілер мен сотталушыдан жауап алынады.
ПІКІРЛЕР