Accessibility links

Шығыс Қазақстанда елдегі ең ұзын көпір ашылды


Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма суқоймасында салынған жаңа көпір. 21 қазан, 2024 жыл. Primeminister.kz сайтындағы фото.
Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма суқоймасында салынған жаңа көпір. 21 қазан, 2024 жыл. Primeminister.kz сайтындағы фото.

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма суқоймасында салынған елдегі ең ұзын көпір ашылды. Өңірде тұратын халық бұл көпірдің салынуын ондаған жыл бойы күткен еді.

Шығыс Қазақстан облысындағы бірнеше ауданда тұратын ондаған мың адам осы кезге дейін өзге қалаларға қатынау үшін Бұқтырманы айналып өтуге немесе ескі пароммен жүруге мәжбүр еді.

Жаңадан салынған көпір алты ауданды – Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Қатонқарағай, Тарбағатай және Зайсанды байланыстырады.

Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, ұзындығы 1316 метр екі жолақты автомобиль көпірінен күніне 80 мыңға дейін көлік өте алады.

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма суқоймасында салынған елдегі ең ұзын көпір. Primeminister.kz сайтындағы фото.
Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма суқоймасында салынған елдегі ең ұзын көпір. Primeminister.kz сайтындағы фото.

Көпірге апаратын 18 шақырым жаңа жол төселген. Бұл туралы 21 қазанда үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұқтырма суқоймасындағы көпірді ашу салтанатына премьер-министр Олжас Бектенов қатысқан. Баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс тұрғындарымен кездескен Бектенов бұл жобаны іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді және елдегі көлік-логистика саласының дамуына оң әсер етеді деп мәлімдеген.

Премьер-министр Бұқтырмадағы көпір Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тұрғын халыққа жайлы, қауіпсіз жол болу үшін салынды деп айтқан.

Бектенов ірі жобаларды жүзеге асыруға Қазақстандағы мамандар мен мердігер компанияларды тартуға ерекше назар аударылады деген.

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма суқоймасында салынған көпір құны 2023 жылы екі есе қымбаттап, 60 млрд теңгеден асқан. Былтыр Азаттық көпірді салып жатқан компанияға иелік етіп отырған екі кәсіпкер мен облыстың сол кездегі әкімі Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметов бизнес-серіктес болғанын анықтаған.

Әкімдік көпір құрылысы қымбаттауына "көпірге апаратын 17 шақырым жол құрылысының қосылуы мен нарықтағы бағаның өсуі себеп" деп жауап берген еді. Былтыр наурызда мәжіліс пен мәслихатты кезектен тыс сайлаудың ресми қорытындысына сай, қос кәсіпкердің бірі мәжіліске, екіншісі ШҚО мәслихатына депутат болып сайланды.

Бұқтырма суқоймасы өткен ғасырдың орта шенінде салынды. 1960-жылдардың басында бөгенге су толтырылып, арасы Зайсан көлімен қосылып кетті. Сол жарты ғасырдан астам уақыттан бері жергілікті халық жол азабын тартып келді.

Суқоймасына көпір салынатыны Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында айтылған. 2017 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ұзындығы – 1,3 шақырым, құны 30 миллиард 180 миллион теңге тұратын жобаға шетелдік компаниялар инвестор болады деп ресми ақпарат таратқан. Бірақ облыстың автомобиль жолы және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы болған Нұржан Жұмаділов шетелдіктер ыңғайымызға келетін келісім-шартқа қол қоймады деген еді.

Азаттық видеосы: Қалқыған паром, қатерлі мұз... (9 қазан, 2020 ж.)

Қалқыған паром, қатерлі мұз...
please wait

No media source currently available

0:00 0:21:23 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG