Accessibility links

Каспий жағалауынан 150-ден аса өлі итбалық табылды. Неден қырылғаны белгісіз


Каспий жағалауынан өлі табылған итбалықтар. Блогер Азамат Сәрсенбаев жариялаған фото.
Каспий жағалауынан өлі табылған итбалықтар. Блогер Азамат Сәрсенбаев жариялаған фото.

Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауынан 150-ден аса өлі итбалық табылды. Бұл туралы жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев Instagram-парақшасында хабарлады.

Оның ақпаратына сәйкес, Қызыл кітапқа енген жүздеген итбалық жақында Түпқараған ауданы Баутин ауылы аймағында болған дауылдан кейін жағаға шыққан, ғалымдардың есебінше, 151 өлі итбалық табылған.

– Қазір сол өңірде итбалықтарды зерттеп жатқан ғалымдардың сөзінше, кейбірінің жарақаты бары анықталған. Олардың неден қырылғаны әлі белгісіз, – деді Сәрсенбаев.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті басылымдарға өлі итбалықтарды 24 қазанда Жайық-Каспий облысаралық бассейн балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері теңіз жағасын бақылап жүргенде тапты деп хабарлады. Ол жерге жергілікті атқарушы органдар, гидробиология және экология институты, Qazaq balyk республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығы филиалының өкілдері де барды деді министрлік. Итбалықтар неден қырылғаны зертханадағы зерттеулерден кейін белгілі болмақ.

Каспий итбалықтарын зерттеп жүрген Әсел Баймұқанова Instagram-парақшасында жағаға шыққан бір итбалықтан сынамалар алынды деп хабарлады. Ол бойынша анализ жасала ма, жоқ па, зертханада белгілі болады деді Баймұқанова.

Каспий теңізі жағасында өлі итбалық биыл сәуірде де табылған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің балық шаруашылығы комитеті Түпқараған ауданында 27 өлі итбалық табылды, олар дауыл салдарынан жағаға шыққан деп хабарлаған еді. Комитет жануарлар қыста бір уақытта өліп, содан бері суда тұрған болуы мүмкін деген болжам айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG