Accessibility links

Қазақстан ұйымдарды экстремистік деп тану туралы істерді қарау мерзімін қысқартқысы келеді


Жоғарғы сот ғимараты. Көрнекі сурет.
Жоғарғы сот ғимараты. Көрнекі сурет.

Қазақстанда ұйымдарды экстремистік деп тану туралы азаматтық істерді қарау мерзімі қысқартылады. Мұндай норма "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңда қарастырылған. Бейсенбі күні сенат оны екі оқылымда қарап мақұлдады.

"Қазақстан Республикасы аумағында экстремистік немесе террористік іс-әрекетті жүзеге асыратын ұйымды тану туралы азаматтық істерді қарау жеделдігі үшін істерді қарау мерзімдерін бір айдан он жұмыс күніне қысқартылады" деді түзетулерді таныстырған сенат депутаты Нұрлан Бекназаров.

Аталған заң қылмыстық-процестік, азаматтық-процестік және әкімшілік процестік кодекс пен өзге де заңдарға түзету енгізуді қарастырады. Атап айтқанда, оған сәйкес:

  • Азаматтық және қылмыстық істер бойынша кассациялық сатыдағы істерді алдын ала қарау алынып тасталынады;
  • Кассациялық соттарда қылмыстық және азаматтық істерді қайта қараудың алты айға дейінгі мерзімі белгіленеді;
  • Кассациялық соттарға қолжетімділікті арттыру мақсатында 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап талап қою сомалары жеке тұлғалардың мүліктік талаптары бойынша – 2 мың АЕК, заңды тұлғалардың талаптары бойынша 30 АЕК-тан төмен даулар бойында шектеулерді алып тастау қарастырылған;
  • Жоғарғы сотта істер бас прокурордың наразылығы немесе жоғарғы сот судьясының ұсынысы бойынша ғана қаралатын болады.
  • Түзетулер сонымен бірге бас прокурордың орынбасары, бас әскери және көлік прокурорына кассациялық инстанцияларға наразылық білдіру құқығын береді. Қазір мұндай құқық бас прокурорда ғана бар.

Бұған дейін мәжіліс сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша түзетулерді мақұлдаған, оған сәйкес 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап елде кассациялық соттар істей бастайды.

Сенат отырысында жыл сайын Қазақстанда азаматтардан сотқа 240-250 мың шағым түсетіні, 12-14 пайызы бойынша апелляциялық шағым түсетіні айтылды. Олардың 2 пайызы (5-6 мың өтініш) кассация сатысына келеді.

Қазақстанда 20-дан астам шетелдік ұйымға ел аумағында жұмыс істеуге тыйым салынған. Басым бөлігі діни ұйымдар.

Дегенмен Қазақстанда "экстремистік" деп танылған саяси ұйымдар да бар. Астана соты қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы мен сонымен бірге аталатын "Көше партиясын" экстремистік ұйым деп таныған. Олардың сот шешімдері белсенділердің талабына қарамастан жарияланбады. Алайда екі қозғалысты Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атаған. Бұған дейін құқық қорғаушылар Қазақстан билігін экстремизм заңындағы бұлыңғыр тұстарды оппоненттеріне қарсы қолданбауға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG