Accessibility links

Апелляция соты Әйгерім Тілеужанға айыппұл салу туралы шешімді өзгертпеді


Әйгерім Тілеужан (сол жақта) сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде, 2023 жыл.
Әйгерім Тілеужан (сол жақта) сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде, 2023 жыл.

7 қарашада апелляция соты түрмедегі белсенді Әйгерім Тілеужанға айыппұл салу туралы шешімді өзгертпеді. Бұл жөнінде адвокат Айнара Айдархан Facebook-те хабарлады.

Биыл жазда белсенді Әйгерім Тілеужанның жазаның өтелмеген бөлігін жұмсақтау түріне алмастыру бойынша өтініш түсіруге мезгілі жақындағанда "аяқ астынан" оған айыппұл салынғаны белгілі болған еді. Айыппұл туралы қаулыда белсендінің "мекеме қызметкерлерінің талабына бағынбағаны" жазылған. Белсенді мен адвокаты сотқа шағым түсірген.

"Республика" басылымына берген сұхбатында адвокат апелляциялық сот бірінші инстанциядағы шешімді өзгеріссіз қалдырып, сотқа тіпті Әйгерім Тілеужанның өзін қоспағанын айтты.

"Тамыз айынан бері есептегенде енді Әйгерім жарты жыл бойы жазаның өтелмеген бөлігін жұмсақтау түріне алмастыру және шартты түрде мерзімінен ерте босап шығу бойынша өтініш түсіру мүмкіндігінен айырылды. Бірден түбірден кесті" деді адвокат.

Журналист, белсенді Әйгерім Тілеужанды былтыр шілдеде сот "Қаңтар оқиғасында Алматы әуежайындағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айыппен 4 жылға түрмеге қамаған. Белсенді бұл айыпқа келіспейді.

2023 жылы қарашада апелляция алқасы бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырған. Ал биыл шілдеде Жоғарғы сот Алматы әуежайын "басып алу" ісін қайта қарауға "негіз жоқ" деп шешті.

Қазақстандық құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтып, Әйгерім Тілеужан және осы іс бойынша сотталған өзге белсенділерді "саяси тұтқын" деп таныған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG