Соғысқа қарсы шыққан саха белсендісі, панк-музыкант Айхал Аммосов (төлқұжат бойынша аты-жөні – Игорь Иванов) Германияға қоныс аударды. Бұл жөнінде Аммосовтың өзіне сүйенген "Публичные призывы" телеграм-арнасы жазды. Ол гуманитарлық визаға қол жеткізген.
Аммосов Ресейден Қазақстанға 2022 жылы желтоқсанда келген. Ресейде оған қарсы "Ресей армиясының беделіне нұқсан келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол Украинадағы соғысты айыптаған.
Белсенді 2022 жылы тамызда Якутияға премьер-министр Михаил Мишустин келген күні Yakutian punk against war ("Саха панкі соғысқа қарсы") деген жазуы бар баннерді қала орталығындағы ғимаратқа ілмек болған. Ол сонымен бірге жерлеу қызметін көрсететін агенттіктің алдында "Жених приехал" (күйеубала келді) деп жазылған плакатпен шыққан. (Бұл ресейлік режиссер Алексей Балабановтың "Груз 200" фильміне сілтеме).
2023 жылы сәуірде Росфинмониторинг оны "экстремистер мен террористер" тізіміне енгізген. Кейін оған қарсы "терроризмді ақтау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
2023 жылы қазанда ол Ресей билігінің сұрауымен Қазақстанда ұсталып қамалды. "Ресей армиясының беделіне нұқсан келтіру" бабына қарағанда, Аммосовқа тағылған террорризм айыбы Қазақстан және Ресейдің Қылмыстық кодексінде бар және ол бойынша екі ел азаматтарды бір-біріне экстрадициялай алады. Бұған дейін құқық қорғаушылар мен жақтастары содан қауіптенген еді.
2023 жылы қарашада Айхал Аммосов "пана іздеуші тұлға" мәртебесіне ие болды. Адвокаты Мұрат Адам бұл мәртебе оны Ресейге экстрадициялауды тоқтататынын айтқан.
ПІКІРЛЕР