Қазақстан 2025 жылғы сәуірге дейін Сырдария өзені арқылы шамамен 11 млрд текше метр су алады. 11 қарашада су ресурстары және ирригация министрлігі осылай деп хабарлады.
Түркіменстан астанасы Ашғабатта мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 87-отырысына қатысқан су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов осы жөнінде келісімге қол жеткізді деді министрлік. Кездесуге Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстанның су шаруашылығы министрлігінің басшылары қатысқан, Қырғызстан өкілдері бақылаушы болған.
Келісімге сәйкес, 2025 жылғы 1 сәуірге дейін Түркістан облысындағы Шардара су қоймасына 11 млрд текше метр су келуі керек. Министрлік бұл 2025 жылғы суару маусымында Қазақстанның оңтүстік аймақтарына қажет су көлемін жинауға мүмкіндік береді деп мәлімдеді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов биыл келіссөздер мен бірлескен жұмыс нәтижесінде Сырдария өзені бассейнінде суды тиімді бөлуге қол жеткіздік деді.
Сырдария – Орталық Азиядағы ірі өзен, ол Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан аумағынан өтіп, соңында Арал теңізіне құяды.
Тұщы су экожүйелерін сақтап қалу, жаһанданудың қоршаған ортаға әсері, табиғатты қорғау үшін азаматтық қоғамның құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыру саласындағы эколог Евгений Симонов Азаттыққа сұхбатында Сырдария өзенінің ең үлкен мәселесі – cу ресурстарының шектен тыс шығыны деген еді.
"Өзенді бірнеше ел қатар пайдаланады, олардың арасында су айдынын бірлесіп басқару туралы келісімдер бар. Бірақ бұл келісімдер жеткіліксіз. Өзеннің экожүйесіне бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Соның салдарынан Сырдария суы көп шығындалатын, мың сан тармаққа бөлінген өзенге айналды", – деді маман.
Эколог әрі су ресурстары саласының маманы, EcoMind экожүйе шешімдері орталығының жетекшісі Арман Өтепов Сырдария өзінің табиғи қызметін толық атқара алып отырған жоқ деп есептейді. Оның сөзінше, өзен бойындағы бөгеттер мен гидротехникалық құрылыс тіреу есебінен судың деңгейін көтереді, оның суы негізінен ауыл шаруашылығына жұмсалады. Ол Қазақстан судың экожүйе қызметін қолға алуы қажет деп санайды.
ПІКІРЛЕР