Accessibility links

Қызылордада секс-құлдықта болған оқушы ісі бойынша алғашқы үкім шықты


Қызылордада сыныптастары жыныстық құлдықта ұстады деген оқушы ісі бойынша алғашқы үкім шықты. 21 жастағы жігіттің үстінен "Қорқытып алу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сот оны 4,5 жылға бостандығынан айырды.

Қызылорда қаласының №2 сотында процесс жабық өтті. Бұл жөнінде 11 қарашада облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

– Сотталушы Т. жәбірленушіні масқаралайтын мәліметтер жариялаймын деп, кәмелетке толмаған жәбірленушіден 700 мың теңге ақша тауып беруді талап еткен, сонымен бірге оның сөмкесінен 35 мың теңге ақшаны қорқытып алған, – деді соттың баспасөз қызметі.

Соттың мәліметінше, айыпталушының кінәсін жәбірленушінің жауаптары, оқиға орнын қарап-тексеру туралы хаттама, психология-психиатрия сараптама қорытындысы дәлелдеген.

Сот жазаны жеңілдететін жайлар ретінде 21 жастағы жігіттің бұрын сотталмағанын және жас екенін ескерген. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін ішкі істер министрінің бұрынғы бірінші орынбасары, жақында сенат депутаты болған Марат Қожаев оқушы ісі бойынша сот жабық өтеді, себебі жәбірленуші мен кейбір күдікті кәмелет жасқа толмаған деп хабарлаған.

Биыл тамызда Қызылордада сыныптастары бірнеше ай бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі деген қыздың хикаясы Қазақстан қоғамын дүр сілкіндірген еді. Бұл туралы NeMolchi.kz қоры хабарлаған. Жәбірленушінің айтуынша, үш қыз бен бір жігіттен тұратын топ оны "жалаңаш суретіңді жариялаймыз" деп бопсалап, қысым көрсеткен. Қоқан-лоқымен телефонын тартып алған, жыныстық қызмет көрсетуді жарнамалайтын сайтқа тіркелуге мәжбүрлеген, оған есірткі де берген.

Облыстық полиция департаменті күдіктілер ұсталып, қамауға алынды деп хабарлаған. 21 қазанда іс бойынша 11 адам күдікті деп танылғаны белгілі болған, олардың бесеуі – кәмелет жасқа толмаған. Тоғыз күдікті қамауда отыр, екеуі үйқамаққа жіберілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG