11 қарашада Маңғыстау облысында теңіз жағасына шығып қалған тағы да жүздеген итбалық өлексесі табылды. Ресми ақпаратқа сәйкес, қырылған итбалық саны мыңнан асады.
11 қараша таңертең Маңғыстау облысының Қарақия және Түпқараған аудандарында Каспий теңізі жағалауынан 300 итбалық өлексесі табылған.
Азаттық сөйлескен Маңғыстау облысы бойынша балық қорғау инспекциясы басшысы міндетін атқарушы Андрей Руцкийдің айтуынша, Ақтаудан Қарақия ауданындағы Құрық портына дейінгі аумақта 115 итбалық, Түпқараған ауданындағы Қызылөзен ауылынан Форт-Шевченко қаласына дейінгі аралықта 185 итбалық өлексесі табылған. Оларды жергілікті атқарушы органдар жинап жатыр.
– Көптеген итбалық тастар арасында, қол жетпейтін қиын жерлерде жатқандықтан, оларды жинау жергілікті атқару органдарына қиынға соғып отыр. Техника ол жерлерге бара алмайды, сондықтан әр өлексені жаяу барып, қолмен жинау керек. Бүгінге дейін 1034 өлексе табылып, акт толтырылды. Жартысынан көбі жиналды, – деді Андрей Руцкий.
Бұған дейін Гидробиология және экология институтының маманы Әсел Баймұқанова Каспий жағалауындағы итбалықтың жаппай қырылуына байланысты жүргізілген зерттеудің алдын ала нәтижесін жариялаған. Баймұқанованың пікірінше, итбалықтар түрлі себептен өлген болуы мүмкін: жер сілкінісі, табиғи газдың шығуы, теңіздің ластануы, індет.
Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласы мен Баутин ауылы тұрғындары теңіз жағасында тек итбалық қана емес, өлген құстар мен бекіре балықтары да табылды деп айтты.
Өткен аптада Алматыдағы Микробиология және вирусология институты қызметкерлері Маңғыстауда табылған үш итбалық өлексесінің сынамасын алып кеткен. Олар "итбалықтар жұқпалы аурудан өлді ме?" деген сұраққа жауап іздеп, соның себебін анықтайды. Зертхана нәтижесі екі аптадан соң, қарашаның аяғында белгілі болмақ.
ПІКІРЛЕР