Accessibility links

"Қатты соққаны соншалық, есімнен танып қалдым". Атбасар түрмесінде азапталған Тимур Дәнебаев сотта сөйледі


Белсенді Тимур Дәнебаев
Белсенді Тимур Дәнебаев

13 қарашада Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Атбасар түрмесінде азапталған белсенді Тимур Дәнебаевқа сөз берілді. Ол "азаптау ісінде" жәбірленуші танылған.

"Мені қатты ұрып-соққаны соншалық, есімнен танып қалдым. Олар жабылып сабады" деді Дәнебаев сотта. Оның сөзінен "Власть" басылымы үзінді келтірді.

Атбасар түрмесіндегі азаптауға байланысты аталған колонияның 12 қызметкеріне "Азаптау" бабы бойынша айып тағылған. Істе Дәнебаевтан бөлек 40 жәбірленуші бар.

"Власть" сайтының жазуынша, Дәнебаев үш сағат жауап беріп, өзін қызметкерлер қалай азаптағанын айтқан. Оның сөзінше, оны дәретхананың еденін жууға мәжбүрлеген, одан бас тартқан кезде қатты ұрып-соққан. Түрме қызметкерлерінің оны және өзге де тұтқындарды ұрып-соғып жатқаны туралы видео 2023 жылы қыркүйекте әлеуметтік желіде тараған еді.

"Өтінішіме қарамастан мені олар ұра берді, ұра берді. Резеңке таяқпен ұрған кезде не болатынын білесіздер ме? Оның қуаты геометриялық прогрессиямен ұлғая береді: бірінші соққы - төртке, екіншісі - сегізге, үшіншісі - 16-ға пара-пар... Соққы еселенген сайын ауырлай түседі. Үнсіз қалу мүмкін емес. Айғайлаған жоқпын - пышақпен кескілегендей шырылдадым. Мені бостан-босқа ұрып-соқты" деді Дәнебаев сотта.

Оның сөзінше, ақыр оны әжетхананы жууға мәжбүрлеп, басын унитазға тыққан.

"Әжетханадан кейін мен мүлде қайда жүргенімді білмей қалдым... Бір есімді жисам, көшеде жатырмын. Қанша жатқанымды білмеймін, мені қоқыс сияқты лақтырып тастаған" деді ол сотта.

Кейбір құқық қорғаушылар Дәнебаевтың қатты азапталғаны соншалық, "оның айтқанын естігенде жаның түршігеді" деп жазды.

Айыпталушылардың адвокаттары сот кезінде Дәнебаевтың кейбір сөзіне күмән келтіріп, қосымша сұрақ қойған. Ал судья "Дәнебаев барлық жәбірленуші үшін жауап бере алмайды" деп кейбір сұрақтарды алып тастаған.

Атбасар түрмесіндегі азаптау бойынша алғашқы тыңдау биыл шілдеде басталған. Процесс сот алқасының қатысуымен өтіп жатыр. Үш айыпталушы - қамауда, қалғаны кепілдікпен бостандықта жүр. Бұған дейін Тимур Дәнебаев өзге де қызметкерлерді сотқа тарту туралы өтініш түсірген, алайда сот бас тартқан. Оның кейбір айыпталушылардың бұлтартпас жазасын өзгертіп, қамауға алу туралы өтініші де қабылданбаған.

Былтыр қыркүйектің басында әлеуметтік желіде Ақмола облысы Атбасар қаласындағы түзеу колониясында түрме қызметкерлері жазасын өтеп жатқан бірнеше адамды резеңке таяқпен ұрып-соққаны көрсетілген видео тарады. Азапталғандар арасында белсенді Тимур Дәнебаев та болған.

Белсенді Дәнебаев түрмеде азапталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:58 0:00

Видеолар желіде тараған соң Қылмыстық атқару жүйесі комитеті іске қатысы бар 11 қызметкерді жұмыстан босату туралы ұсыныс жасалғанын хабарлады. Бұған қоса, түрме бастығы мен орынбасары, облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары қызметтерінен босатылды. Түрме қызметкерлері "азаптау болмады, өздерін заңсыз жұмыстан шығарды" деп мәлімдеген. Прокуратура бұған байланысты пікір білдірмеді.

Сол жылы қыркүйектің соңында Тимур Дәнебаев Астанадағы тергеу изоляторына ауыстырылды. Биыл жыл басында да Дәнебаев тергеу изоляторында өзіне қысым жасалғанын хабарлаған.

39 жастағы белсенді Тимур Дәнебаев 2022 жылы желтоқсанда қамалған. Оған әлеуметтік желіде "ұлт араздығын қоздырды" деген айып тағылып, былтыр маусымда оған 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Оның үстінен Өскемен қаласы тұрғыны арыз түсіріп, істі қозғауға сол себеп болған. Сот Дәнебаев Ресейдің Украинамен соғысы тақырыбын сөз еткенде ұлт араздығын қоздыратын сөз айтқан деген ұйғарым жасады. Дәнебаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, апелляциялық шағым түсіргенімен, үкім күшінде қалды. Биыл жазда Жоғарғы сот оның шағымын қараудан бас тартты.

Дәнебаев әлеуметтік желіде Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) әскерін Қазақстанға шақырғаны үшін билікті сынаған, "Алматыға 20 мың бандит шабуылдады" деген сөзі үшін президент Тоқаевты сотқа бермек болған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Тимур Дәнебаевты "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Еуропарламент биыл қаңтардағы қарарында Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатуға үндеп, құжатта Тимур Дәнебаевтың да есімін атаған.

Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG