Accessibility links

Өскеменде 14 мыңнан астам отбасы бір күн жылусыз қалды


Өскемен қаласындағы жылу желісінің құбыры жарылған жер. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан фото. 17 қараша, 2024 жыл.
Өскемен қаласындағы жылу желісінің құбыры жарылған жер. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан фото. 17 қараша, 2024 жыл.

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында өткен демалыс күндері 14 мыңнан астам пәтер мен 300-ден аса кеңсе бір күн жылусыз отыруға мәжбүр болды. "Шығыс жылу" кәсіпорны 16 қараша түс кезінде болған "ақау" алдымен кешке дейін, кейін түнде қалпына келтіріледі деп хабарлағанымен, жөндеу 17 қараша түстен кейін бір-ақ аяқталды.

Қала тұрғындары Instagram әлеуметтік желісіндегі жергілікті танымал парақшаларда ыстық су мен жылу болмай, баспанасы азынап кеткенін айтып шағынды. Кейбірі кішкентай балалары барын айтып алаңдаған. Өскеменде түнде ауа температурасы -5 градусқа дейін төмендеді.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметовтің айтуынша, қаладағы құбыр желісінің КШТ, Драма театр, Ertis city ықшамаудандарына жылу жеткізетін тармағы жарылған.

Ақау 16 қарашада 13.00 шамасында болған. "Шығыс жылу" компаниясы алдымен сол күні 19.00-де жұмыс аяқталады, жұрттың баспанасы "салқындап үлгермейді" деп хабарлады. Кейін жөндеу жұмысы созылуына байланысты жылу түнгі 1 мен 3-тің арасында беріле бастайды деп айтты. Бірақ, "Шығыс жылу" кәсіпорнының хабарлауынша, құбырға ыстық су 17 қарашада 14.00 шамасында ғана жіберілген.

Тұрғындар өздерінің үйі кешке қарай ғана жыли бастағанын айтты.

Ақау "тез арада жойылатыны" жөнінде ақпарат тарағанымен жөндеу созылып бара жатқан тұста Ratel.kz сайты мемлекеттік мекемелердің хабарландырулары әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан "ғайып болғанын" байқаған.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, құбырдың жарылған тұсын табу көп уақыт алған.

ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы биыл облыс жылыту маусымына дайын деп хабарлаған. 2 қазанда баспасөз мәслихатын өткізген басқарма басшысы Нұрлан Рамазанов "биыл облыста 68 шақырым жылу желісі жөнделді, бұл жұмыс қыста үйлер жылумен қамтамасыз етіледі деп сенуге мүмкіндік береді" деген.

Ел үкіметі де Қазақстан өңірлері жылыту маусымына дайын деп хабарлаған. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев 8 қазандағы үкімет отырысында 161 шақырым жылу желісін жаңартуға бюджеттен 93 млрд теңге қарастырылды деді. Ол жылу желісін жөндеу бойынша жоспарланған жұмыстың 99 пайызы аяқталды деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG