Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрге, президент әкімшілігі басшысына және күштік құрылымдар жетекшілері мен барлық әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Парламент палаталарының төрағалары қабылданып жатқан іс-қимыл туралы хабардар етілді. Бұл жөнінде президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында хабарлады.
"Біздің еліміз үшін басты стратегиялық мақсат – тұрақтылықты, тыныштықты, заң мен тәртіп үстемдігін сақтау. Қазақстан славян екі халық арасындағы қақтығысты келіссөз арқылы тоқтату қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын" деп жазылған Берік Уәлидің хабарламасында.
Бір күн бұрын Ресей президенті Владимир Путин ресейліктерге телемәлімдеме жасап, Днепрдегі қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне орта қашықтықтағы баллистикалық "Орешник" ракетасымен соққы жасағанын мәлімдеген. Путиннің сөзінше, бұл Батыс қаруымен Ресей аумағына жасалған алғашқы соққыға жауап.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей ядролық қатерді азайту жөніндегі Ресей ұлттық орталығы арқылы Вашингтонға "Орешник" ракетасын сынақтан өткізетінін ескерткен.
Пентагон өкілі Сабрина Сингх АҚШ Ресейден "Орешник" ұшырылғанға дейін ескерту алғанын растады. Сингхтың сөзінше, Вашингтон ядролық қаруын нығайтуға қатысты ұстанымын өзгертпеген.
Өз кезегінде Ақ үй өкілі Карин Жан-Пьер Ресейдің әрекетіне қарамастан АҚШ Киевке әскери қолдау көрсете береді деп мәлімдеді.
- Украина қарулы күштері 21 қарашада таңертең Ресей құрлықаралық баллистикалық ракетасын пайдаланғанын мәлімдеген, алайда ірі салдары жоқ. АҚШ өкілдері мәселе Днепрге соққы жасау үшін пайдаланылған орта қашықтыққа ұшатын сынақ ракетасы жөнінде болғанын айтқан.
ПІКІРЛЕР