8 желтоқсанда Сирияда президент Башар Асадтың режимі құлағаннан кейін АҚШ әскері ел орталығындағы "Ислам мемлекеті" (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) террористік ұйымының нысандарына әуеден 75-тен астам шабуыл жасаған.
АҚШ әскерінің орталық қолбасшылығы шабуыл Сириядағы қазіргі тұрақсыз жағдайды көптеген елде террористік деп танылған топ пайдаланып кетпеу үшін, қауіптің алдын алу үшін жасалды деп түсіндірді.
"Сириядағы барлық ұйым, "Ислам мемлекетімен" байланысатын болса я оған қандай да бір қолдау көрсетсе, оларды жауапқа тартатынымызды білуі керек", – деді АҚШ орталық қолбасшылығының басшысы генерал Майкл Эрик Курилла.
Операцияға стратегиялық бомбалаушы В-52, жойғыш F-15 және шабуылдаушы A-10 ұшақтары пайдаланылған. Хабарламада "бейбіт тұрғындар арасында қаза болғандар жоқ" деп жазылған.
Бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден Сирия президенті Башар Асадтың режимі құлағанын "әділет актісі" деп атаған, сонымен бірге Сириядағы қазіргі жағдай тұрақсыз және қауіп-қатерге толы екенін мойындады.
Байден "Ислам мемлекеті" биліктің кез келген вакуумын пайдалануға тырысады деп ескертті. Ол АҚШ "бұған жол бермейді" деді. Байден АҚШ Сирия аумағындағы "Ислам мемлекеті" нысандарына әуеден оннан астам шабуыл жасады деп айтты, сөзіне қарағанда, соққы нысанаға дәл тиген.
Сирияда "Ислам мемлекеті" тобымен күресуге қойылған америкалық әскери контингент бар. АҚШ әскері орналасқан аумақты күрдтер маңызды рөл атқаратын Сирия демократиялық күштері қарулы тобы бақылайды. Дамаскіні басып алған оппозициялық күштер оппозицияның басқа қанатына жатады, олардың қатарындағы көптеген топты Түркия қолдайды.
8 желтоқсанда Израиль қорғаныс әскері Сириядағы топтардан төнген қауіпке байланысты Сирияның оңтүстігі мен Дамаскіде қару-жарақ сақталған қоймаларға бірнеше рет шабуыл жасады. Reuters дереккөздерінің хабарлауынша, Дамаскідегі зерттеу орталығына да соққы тиген болуы мүмкін, ақпаратқа қарағанда, Иран ол жерді алысқа ұшатын зымыран шығаруға пайдаланған.
Израиль авиациясы Дамаск маңындағы Меззе әуе базасына да соққы берген. Агенттіктің мәліметінше, шабуыл салдарынан кеден және әскери барлау штабтары қираған.
ПІКІРЛЕР