Accessibility links

Ақтаудағы ұшақ апаты: Бразилияда қара жәшік деректерін саралау аяқталды


Ақтау қаласының маңына 25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer E190 жолаушы ұшағы құлаған жер. Ұшақтағы 67 адамның 38-і қаза тапқан. Маңғыстау облысы, 27 желтоқсан, 2024 жыл.
Ақтау қаласының маңына 25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer E190 жолаушы ұшағы құлаған жер. Ұшақтағы 67 адамның 38-і қаза тапқан. Маңғыстау облысы, 27 желтоқсан, 2024 жыл.

Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктеріндегі мәліметтерді саралау аяқталды. Деректер Қазақстанға жіберілді. Бұл жөнінде бразилиялық G1 басылымы хабарлады.

«Әуе апаттарын зерттеу және олардың алдын алу орталығы (CENIPA) осы дүйсенбі (6 қаңтарда) 25 желтоқсанда Қазақстанда құлаған Embraer ұшағындағы қара жәшіктердің мәліметін саралауды аяқтады. Құрылғы Бразилияға 1 қаңтарда жеткізілген, ертесінде мәліметтерді сараптау басталған» делінген хабарламада.

Саралауға қатысқан мамандардың айтуынша, «Мәлімет жазатын екі құрылғыдағы мәліметтерді алу, жинау және тексеру 4 қаңтарда біткен».

Бұған қоса, деректерді саралау туралы ақпарат Қазақстанға жіберілген.

Бразилия әуе қорғаныс күштерінің дерегі бойынша, құрылғыларды саралау процесін бақылау мақсатында Бразилияға Қазақстан, Әзербайжан және Ресейдің тергеушілері барған. Олар деректерді талдау процесін бақылап, осы сенбіде елдеріне қайтып кеткен.

Алынған мәліметтер оқиғаның себептерін анықтайтын орган – Қазақстанның әуе апаттарын тергеу басқармасына жіберіледі делінген Бразилия басылымының ақпаратында.

Қара жәшіктерден табылған мәліметтің жай-жапсары туралы ештеңе айтылмаған.

Былтыр 25 желтоқсанда Әзербайжан астанасы Бакуден Шешенстан астанасы Грозныйға ұшып шыққан Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190 жолаушы ұшағы Ақтауға жетпей құлаған. Ұшақ бортында болған 67 адамның 38-і қаза тауып, 29-ы аман қалған. Қаза тапқандар арасында Қазақстан, Ресей, Әзербайжан азаматтары бар.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев ұшақ апатына кеше, 6 қаңтарда, Ресейді тағы айыптаған. Ол Әзербайжан азаматтарының өлімі Ресей өкілдерінің мойнында деп, әділдікті талап етті.

Ұшақты шығарушы ел ретінде оның қара жәшіктерін зерттеуді Бразилия қолға алған.

– [Ақтаудағы ұшақ апатынан] қаза тапқан Әзербайжан азаматтарының [өлімі] Ресей өкілдерінің мойнында деп сеніммен айта аламын. Біз әділдік талап етеміз, кінәлілерді жазаға тартуды талап етеміз, ашықтық пен адамгершілік талап етеміз, – деді Әлиев.

Бастапқыда апат себебіне қатысты түрлі долбар болды. Ұшақ Ресей аумағында атылған болуы мүмкін деген болжам айтылғанда, Қазақстанның ресми өкілдері мұны "хайп қуу" деп сынаған. Кейін Әзербайжан президенті Илхам Әлиев "Ресей жағы бұл істі жауып тастағысы келеді, бұдан ешкім абырой таппайды" деп Мәскеуге кінә артты. Мұның алдында Ресей президенті Владимир Путин Әлиевтен кешірім сұраған.

 Әлиев Путиннен кешірім талап етті. Астана мұндай талап қоя ала ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:40 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG