Қазақстан бүгін, 7 қаңтар православ христиандарының Рождество күнін атап өтіп жатыр.
2005 жылы қарашада Қазақстан халқы ассамблеясының екінші сессиясында елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Құрбан айттың бірінші күні мен Рождествоны ресми мереке етіп жариялау туралы ұсыныс тастаған. Кейін мереке туралы заңнамаға, Еңбек кодексіне тиісті өзгерістер енгізіліп, 7 қаңтар мейрам күндер қатарына енді.
Қазақстанда христиан дінінің православие бағыты – Исламнан кейінгі кең тараған дін саналады. Бейресми деректер бойынша, халықтың 20 пайыздайы осы дінді ұстанады. Оған көбіне орыс, украин, белорус ұлттарының өкілдері кіреді.
Діни мейрамға орай 7 қаңтарда шіркеулерде мерекелік рәсімдер өтеді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мейрамға байланысты құттықтау жолдады. «Бұл шуақты мереке ізгілік пен үміттің белгісі саналады, ол дінге сенетіндерді гуманизмнің жоғары идеалдарына қызмет ету жолында біріктіреді» делінген құттықтауда.
Қазақстан православ шіркеуі Орыс православ шіркеуінің митрополит аймағына кіреді. Орыс православ шіркеуі Кремльдің Украинаға шабуылын қолдаған соң Қазақстандағы діндарлар арасында шіркеу Ресейдегі патриархаттан бөлінуі керек деген пікірлер айтылды.
Конституция бойынша Қазақстан – діни сенім бостандығы бар зайырлы мемлекет. Әркім қай дінге сенетінін көрсетуге я көрсетпеуге қақылы. АҚШ мемлекеттік депараментінің әлемдегі діни бостандықтар туралы есебінде «жергілікті және халықаралық бақылаушылардың айтуынша, билік органдары үкімет тарапынан «дәстүрлі емес» деп танылған діни бірлестіктерге шектеу қойып, бақылауына алған» делінген.
ПІКІРЛЕР