Жер сілкінісінің кіндігі Непал шекарасына жақын жердегі Тингри аймағында, 10 км тереңде жатыр. АҚШ Геология қызметі Тибеттің қасиетті қалаларының бірі Шигацзеден оңтүстік-батысқа қарай 177 км жерде магнитудасы 7.1 болатын зілзала болғанын тіркеді.
Шигацзе – Тибет буддистерінің рухани көсемдерінің бірі Панчен-ламаның резиденциясы саналатын қала. Ол Тибет буддистері үшін Далай-ламадан кейінгі екінші адам саналады.
Дүмпу Непал астанасы Катмандуда және Үндістанның кей өңірлерінде де сезілген.
«Тингри уезі мен оның маңайындағы аймақтар дүмпуді қатты сезінді. Эпицентрге жақын маңдағы ғимараттың біразы қирады» деп хабарлады Қытайдың CСТV телеарнасы.
Оқиға орнынан түсірілген кадрлардан көп үй қирап жатқанын байқауға болады. Апат кесірінен электр жарығы сөніп, су тоқтаған. Үйінді астында қалған адамдар құтқарылып жатыр. Оған 1,5 мыңдай құтқарушы жұмылдырылған.
Ірі геологиялық жарықтардың үстінде орналасқан бұл өңірде жер сілкінісі жиі болады.
ПІКІРЛЕР