Accessibility links

Қазақстан 30 индустриалды жобаның біразын Қытай қаржыландырса деген үмітте


Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Қазақстан президенті мен Ху Цзиньтао, Қытай төрағасы ресми кездесу кезінде. Бейжің, 22 ақпан 2011 жыл
Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Қазақстан президенті мен Ху Цзиньтао, Қытай төрағасы ресми кездесу кезінде. Бейжің, 22 ақпан 2011 жыл

Еуразия табиғи ресурстар корпорациясы қазақ үкіметі Қытайдан алған 1,9 миллиард АҚШ долларына бара-бар несиені алу-алмауды әлі шешкен жоқ деп жазады Daily Telegraph.


Нұрсұлтан Назарбаев ақпан айында Қытай еліне үш күндік сапармен барған уағында Қытайдың даму банкінен 1.3 миллиард еуроға жуық несие алуға келісіп келген. Daily Telegraph («Дэйли Телеграф») басылымы наурыздың 28-індегі санында бұл қаржының 1 миллиарды әлемдегі ірі 100 тау-кен өндірісі құрылымына енетін ENRC (Еуразия табиғи ресурстар корпорациясы) компаниясының Соколов-Сарыбай темір рудасы кәсіпорнына, ал қалған 250 миллионы «Қазхром» кәсіпорнына салынатын болып жоспарланған деп жазады.

КҮМӘНДІ ҚАРЖЫ

Алайда ENRC-тің қаржылық директоры Зәуре Зәуірбекова Daily Telegraph басылымына берген сұхбатында компания басшылығы аталған несиені алу мәмілесіне қатыспаған, әрі екі жобаның ешқайсысын да әлі бекітпегенін айтқан.

- Біз бұл келісім-шартқа қатысқан жоқпыз, - дейді Зәуре Зәуірбекова, - Бұл екі жоба үкіметтің 30 маңызды индустриалды жобасының қатарында. Қазақстан үкіметі Қытай жағының бұл жобаларды қаржыландыруынан үмітті.

Сұхбатта Зәуре Зәуірбекова компанияның қаржылық басқармасы несие келісім-шартына қол қойған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен несиенің шарттарын егжей-тегжейлі талқылау үшін кездеспек ниетте екенін айтыпты. ENRC тек содан кейін ғана халықаралық банктер арқылы ұсынылған несиені тексеріп, ала алады. Зәуірбекованың айтуынша, компанияға ең алдымен қаржының бәсекеге қабілетті болғаны маңызды көрінеді.

«Компанияның басқарма кеңесі жақын арада Соколов-Сарыбай мен «Қазхром» жобаларын кеңейтуді мақұлдау керек пе, жоқ па, соны талқыламақ», - депті ENRC өкілі.

САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА ENRC-ПЕН КЕҢЕСПЕГЕН

Компанияның инвестициялық жоспарына кіретін жобалар 2007 жылдың аяғында Лондон биржасына шығарылған. Осыдан сәл кейін металл бағасы күрт төмендеп, олар кейінге ысырылған. Бұдан соң компания қаржысын Қазақстандағы аталған жобаларға емес, Африка мен Бразилиядағы кен орындарын сатып алуға жұмсай бастады дейді Daily Telegraph.

Компания өткен аптада темірді жоғары сапада түйіршіктеу зауыты мен ыстық брикеттелген темір алу зауытының құрылысының қай деңгейде орындалып жатқаны турасындағы алдын-ала есебін жариялады.

Компанияның мәліметінше, темір рудасы бизнесіндегі ең маңызды жоба санатындағы бұл зауыттарды қаржыландыру ары қарай да жалғаса бермек, әрі компания басшылығы жоғарыда аталған 1,9 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі несиені алуды мақұлдаса, зауыттардың құрылысы 2014 жылы бітіп те қалмақ.

Зәуре Зәуірбекова ENRC басшылығы компанияға салынатын инвестиция жайлы былтырғы желтоқсан айында ғана құлағдар болғанын, ал «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Қытай даму банкі арасындағы бұл инвестиция жайлы келіссөздер әлдеқашан басталып кеткендігі жайында да мағлұмат берген.
XS
SM
MD
LG