Accessibility links

Шыңжаңда сегіз мың қазақ виза кезегінде сарылып тұр


Қыстауға көшіп бара жатқан қазақ отбасы. Шыңжаң, Қытай, 23 қазан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Қыстауға көшіп бара жатқан қазақ отбасы. Шыңжаң, Қытай, 23 қазан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Қытайдан жеткен электронды хат, телефон қоңырауларына қарағанда, Қазақстанның Бейжіңдегі консулдығы мен Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметінің айналасында пайдалы бизнес қалыптасқан сияқты.


Соңғы күндері Азаттық радиосының редакциясына Қытайдың түрлі өңірлерінен ондаған электронды хаттар келіп, одан да көп телефон қоңыраулары шалынды. Хат-хабарлар негізінен миллионнан астам қазақтар тұрып жатқан Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданынан келіп түсті. Алғашқы электронды хаттар наурыз айының соңында келген, бірақ сәл кейінірек телефон қоңыраулары да шалына бастады. Бұндай хабарлар әлі түсіп жатыр.

Хат-хабарлардың барлығы да наразылыққа толы. Халық Қазақстанның Бейжіңдегі консулдығының, әсіресе Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметі қызметкерлерінің әрекетіне қатты ашулы. Кейбіреулері ашуға ерік беріп, консулдық қызметкерлерін ашық сыбайды.

БІР ЖАРЫМ МИЛЛИОН ҚАЗАҚҚА ВИЗА БЕРУШІ – ҮШ АДАМ

Қытайдан хат жазып, хабарласып жатқан адамдар өздерінің аты-жөндерін атамауымызды, мекен-жайларын жарияламауымызды сұрайды. Олар Қытай билігінің қуғындауы мүмкін, қазақ консулдығы немесе төлқұжат-визалық қызметі кектенуі мүмкін деп қауіптенетіндерін айтады. Әдетте мұндай жағдайда виза бермей қояды.

Бұл қазақтардың Қазақстанда туыстары, жақындары бар немесе Қазақстанның жоғары оқу орындарында балалары оқып жатыр. Біреулерінің Қазақстанмен тығыз байланысқан бизнесі бар. Олардың арасында малын, жерін, үйлерін сатқандар да аз емес. Ал кейбір қала тұрғындары жақсы жұмысынан немесе мемлекеттік қызметінен шығып, бірақ жарты жылдың ішінде қазақ визасын ала алмай, ақыры далада қалған.

Қытай қазақтарының басым бөлігі Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының әкімшілік орталығы Үрімжі қаласында тұрады. Қазақстанның Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметінің атташесі Жарас Мұратовтың айтуынша, қазір Шыңжаңды 1,5 миллиондай қазақ өмір сүріп жатыр. Қазақтардың осындай көп шоғырланған қаласы Үрімжіде Қазақстан сыртқы істер министрлігінің үш адамнан тұратын бір ғана төлқұжат-виза қызметінің
Қытайдан хабарласушылардың пікірлерінше, бұл консулдық Қытайдағы бір жарым миллион қазақтың мүддесі үшін емес, Ақордадағы жоғары дәрежелі шенеуніктер мен олардың туыстарының ермегі үшін жұмыс істеп тұр
жұмыс істейтіндігі Қытай қазақтарының ашу-ызасын тудырып отыр. Наразылық білдірушілердің ортақ пікірі – «Үрімжіде бас консулдық, тым болмағанда толыққанды консулдық ашылуы керек» дегенге саяды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми сайтындағы деректер бойынша, шындығында Қазақстанның бас консулдығы Шанхай қаласында орналасқан. Бірақ Қытайдан хабарласушылардың пікірлерінше, бұл консулдық Қытайдағы бір жарым миллион қазақтың мүддесі үшін емес, Ақордадағы жоғары дәрежелі шенеуніктер мен олардың туыстарының ермегі үшін жұмыс істеп тұр, Шанхай бұлар үшін демалатын, көңіл көтеретін орындардың біріне айналды.

«ВИЗА БИЗНЕСІ»

Хат жазушылар мен телефон шалушылар: «Қытай үкіметі өзінің қазақ азаматтары үшін барлық жағдайды жасап, жедел түрде төлқұжат беріп жатса, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Бейжіңдегі консулдығы және Үрімжідегі төлқұжат-виза қызметі қазақ визасын алуға барынша кедергі жасап бағады» дейді.

Хабарласып жатқан наразы жұрттың айтуынша, «Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Үрімжідегі төлқұжат-виза қызметі соңғы кездері Қытай қазақтарына виза беру рәсімін әдейі қиындатып, ал Бейжіңдегі консулдық Шыңжаңнан келгендердің құжаттарын мүлдем қабылдамайды. Осының кесірінен Үрімжіде 12 мың адамдық кезек пайда болған».

Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұқбатында Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметтің атташесі Жарас Мұратов кезекте тек сегіз мың адамның тұрғанын растады.

– Бұрынғы 10 мың адамнан тек соңғы екі айдың ішінде екі мыңнан астам адам виза алды, – дейді атташе.

Бірақ атташе Жарас Мұратов хат ауторлары мен телефон шалушылардың айтқан өзге жағымсыз құбылыстарының барлығын жоққа шығарып отыр.
Бұрынғы 10 мың адамнан тек соңғы екі айдың ішінде екі мыңнан астам адам виза алды


«Қытай қазақтары виза алу кезегін үш айдан бір жылға дейін күтеді, – деген еді хат жазушылар мен телефон шалушылар. – Ал дәл осы кезде өзге ұлт өкілдері (ханьдар мен ұйғырлар) 500-1000 АҚШ доллары шамасында ақы төлеп, Қазақстан визасын жеделдетілген түрде кезексіз алады және виза барлық адамдар үшін 90 күн мерзімге ғана беріледі».

«Бірнеше мың адамның кезекте тұрғанына қарамастан, Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметі күніне 25-30 адамның ғана құжатын қабылдайды» дейді Шыңжаңнан хабарласқандардың барлығы дерлік.

«Виза алу үшін Қытай қазақтары Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметпен байланысы бар делдалдардың қызметіне жүгінуге мәжбүр болады» дейді хат ауторлары мен телефон шалушылар. Өйткені Шыңжаңның түрлі түкпірлерінен Бейжіңге немесе Үрімжіге (ара қашықтығы кемінде 500 шақырым) бірнеше қайтара келу, бір аптадан бір айға дейін бұл жақта тұру үшін одан да көп ақша мен уақыт кетеді. Бейжіңдегі консулдықтың «өздерінің сенімді» делдалдары бар дегенді айтады бұл мекемеге наразы жұрт.

Бірақ олардың бір виза үшін алатын қызмет ақысы соңғы кездері екі мың қытай юанінен үш мың юанге дейін (шамамен 300-450 доллар) қымбаттап кеткеніне налиды арыз айтушылар. Олардың сөзінше осыдан бірнеше күн бұрын кезек нөмірін көрсететін кәртішкелерді беру түсініксіз себептерге байланысты тоқтап қалған. Осыдан кейін делдалдардың бағасы көтеріліп кеткен.

– Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметтің айналасында 10-20 шамалы делдал жүреді. Бұлар негізінен жергілікті қазақ азаматтары. Олар өздері алатын екі-үш мың юаннің 300-350 юані ғана өздерінде қалып, қалған ақшаны консулдық қызметкерлерінің тікелей қолына беретіндігін ашық айтады, – деп түсіндірді Үрімжіде тұратын жас жігіт.

Азаттық радиосының редакциясына телефон шалушылардың арасында қарт адамдар да аз болған жоқ. Олардың біреуі жасының 70-ке келгенін, 40 жыл мектепте мұғалім болып жұмыс істегенін айтты. Қызы Алматыда тұратын 56 жасар әйел адам да хабарласты. Олардың айтуларынша, Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметі мен Бейжіңдегі консулдықтың қызметкерлері қазақ дәстүріне сәйкес үлкендерді сыйлауды да білмейді.

Электронды хат ауторларының бірі «Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызмет басшысы мен қызметкерлерінің қария адамдарға қатысты дөрекі қарым-қатынасын көргенде ызадан көзіңе жас келеді» деп жазады.

АТТАШЕ БІРІН ЖОҚҚА ШЫҒАРҒАНЫМЕН, ЕКІНШІСІН РАСТАЙДЫ

Алайда, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметінің атташесі Жарас Мұратов бұның бәрін «жалған ақпарат және жабылған жала» дейді. Осы жерде төлқұжат-визалық қызметтің басшысы Асқар Құсайыновпен байланысу жөніндегі бірнеше мәрте жасаған әрекетіміз нәтиже бермеген соң осы қызметтің атташесі Жарас Мұратовтың жауабын қанағат тұтқанымызды да айта кетейік.

Аттешенің айтуынша, «мұндай ұзын-сонар кезектің пайда болу себебі,
...олардың көпшілігі екі ел арасында жүріп сауда жасаумен айналысады
барлық қазақтардың өзінің тарихи отанына қайту мақсатында виза сұрауымен байланысты емес; олардың көпшілігі екі ел арасында жүріп сауда жасаумен айналысады. Осылайша алдыңғы визаның мерзімі біткен соң олар үш ай сайын кезекке қайтадан тұрады».

Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз-қызметінің жетекшісі Ілияс Омаров Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұқбатында мұндай ұзын-сонар кезектің пайда болу себебінің тағы бір «себебін» айтып өтті. Оның айтуынша, қазақтардың бір бөлігі қытайша білмегендіктен құжатты өздігінен толтыра алмайды және осы үшін өзімен бірге сауатты туысын ертіп алады.

Бірақ Азаттық радиосына Қытайдан хабарласқан адамдардың біреуі Ілияс Омаровтың айтқандарымен мүлдем келіспейді.

– Бұл – тап-таза өтірік. Қытайда тоғыз сыныптық білім беру жүйесі көптен бері жұмыс істейді. Қазақтардың барлығы дерлік сауатты. Қытайда компьютерді білмейтіндерді ғана сауатсыз деп есептейді. Ал енді біреулер қытайша оқи, жаза алмайды деген әңгіме жоқ.

Қазіргі уақыттағы визаға мұншама ұзын-сонар кезектің пайда болуы консулдық қызметте отырғандардың жемқорлығымен байланысты. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілдері ешқандай куәгерсіз-ақ өздері Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметтің жұмысын жасырын бақыласа, бұған өздерінің де көздері жетеді.

Алысқа бармай-ақ, олардың жұмысын Қытай үкіметі ұйымдастырған бізге төлқұжат беру жұмысымен салыстырып көріңізші. Бұл біз үшін соншалықты ыңғайлы, жақсы ұйымдастырылған... Бұл үдерісте үзіліс жоқ. Бірақ түйінді мәселенің барлығы қазақстандық визалық қызметке байланысты, – деді Қытайдағы қазақ азаматы.

Ал Жарас Мұратов Қытай қазақтарының «Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметі күніне 25-30 адамның құжатын қабылдап үлгереді» деген сөзін жоққа шығарады. «Біз күніне 80-90 адамның құжатын қабылдаймыз» дейді ол. Сонымен бірге ол консулдық қызметтің келушілерді күн сайын таңертеңгі сағат тоғыздан түскі бірге дейін қабылдайтынын растайды.

Бірақ, оның айтуынша, әлемнің өзге елдеріндегі Қазақстан елшіліктері мен консулдықтарында сәрсенбі – қабылдау күні емес. Ал Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметі Қытай қазақтарының мүддесі үшін аптаның барлық күндерінде келушілерді қабылдайды.

– Сағат 15-тен соң біз құжаттармен жұмыс істейміз. Сізге шынымды айтсам, мен түнгі сағат бірге дейін жұмыс істеймін, – дейді Жарас Мұратов.

Қазақстанның атташесі Қытайдағы қазақтардың ақылы делдал қызметін пайдаланатындығын жоққа шығармайды. Бірақ, ол «біріншіден, қытай мен ұйғыр ұлты азаматтарының 500 АҚШ долларынан жоғары қарайғы ақыға қазақ визасын кезектен тыс жылдам алады, екіншіден, консулдық қызметтің бұл делдалдармен байланысы бар» деген пікірлерді жоққа шығарады.

– Бұл да шындыққа сай келмейтін өтірік әңгіме. Иә, бұл жерде делдалдықпен айналысып жүрген қазақтар бар. Және олардың белгілі бір ақыға кезексіз визаны рәсімдеуге көмектесеміз деп елді алдайтынын жиі естиміз. Ал енді ақша мен төлқұжатты алған соң олар із-түзсіз жоғалады. Осындай алдауға түсіп қалған қазақтар мен қытайлар бізге жиі келеді, – дейді Жарас Мұратов.

«ҚАЗАҚСТАН ВИЗАСЫ – АЛЫНБАС ҚАМАЛ»

Қытайдан электронды поштамен хат жазып, телефон шалып жатқандардың айтуларына қарағанда, Бейжіңдегі консулдықта және Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметте кезекте тұрған мыңдаған адамдардың үштен бірі атажұртқа толықтай көшіп келуге шешім қабылдаған көрінеді. Бұл – «осы адамдардың көпшілігі саудамен айналысады» деген Жарас Мұратовтың сөзіне қайшы келеді.

Қытайдан телефон шалған әйелдердің бірінің айтуынша, ол әсіресе қытай-қазақ мектебінде оқып жатқан үш баласының болашағына қатты
...кезекте тұрған мыңдаған адамдардың үштен бірі атажұртқа толықтай көшіп келуге шешім қабылдаған
алаңдайды. Өйткені Қытайдың үкіметтік бағдарламасы бойынша балалар мектепте негізінен қытай тілін оқулары керек, «балаларым ана тілін мүлдем ұмытып қала ма» деп қауіптенеді бұл әйел. Сондықтан ол оқу жылы басталғанша Қазақстанға жетіп алғысы келеді. «Алайда Қытайдағы қазақтың консулдық қызметіндегілер тіпті кезекке тұру жөніндегі кәртішкені беруден де бас тартты» деп қынжылады үш баланың анасы.

Үрімжідегі жоғары оқу орнын ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша бітірген жас жігіт өзі сияқты жас мамандардың тек Қазақтанда ғана тұрып, мамандығы бойынша жұмыс істегісі келетіндігін айтады. Ол «аздап орысша да түсінемін» дейді. Алайда «Қазақстан визасын алу дегенің алынбас қамал болып кетті» деді жас маман.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алған, қазір Алматының «Шаңырақ» ықшамауданында тұратын жас әйел Қытайдың Іле қазақ автономиялық облысындағы бір ауылдың атынан хабарласты. Ол бүкіл ауыл тұрғындарының не егін егуге кірісерін, не болмаса бүкіл мал-мүлкін сатып, көшуге даярлану керектігін білмей дағдарып отырғанын айтады. Бұның барлығы да – қазақ визасын уақытында алуға байланысты әрі-сәрі түсініксіз жағдайдың салдары.

ҚАЗАҚ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНЕ ТӨРТ ҰСЫНЫС

Азаттық радиосына Қытайдан хат жазғандардың, телефон шалғандардың сөздерін сараптай келе, ол жақтағы қазақтарға төрт мәселенің өте зәрулігі анықталды:

1. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Бейжіңдегі консулдығы мен Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметінің Қытай қазақтарына виза рәсімдеу жұмысына қатысты қызметтік тексеру жүргізу;

2. Виза беруді оңайлату және тездету мақсатында Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметінің жұмысын жетілдіру; мәртебесі мен штат санын кеңейту үшін жедел шаралар қабылдау;

3. Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы мен Іле қазақ автономиялық облысының тағы бірқатар қалаларында бірнеше консулдық, ең болмағанда төлқұжат-визалық қызметтерін ашу;

4. Қазақстандық визаның жарамдылық мерзімін қазіргі 90 күннен алты айға немесе бір жылға дейін ұзартып, қазақтарға өздерінің тарихи отаны – Қазақстанға бірнеше мәрте келіп-кетуге құқық беру.

Азаттық радиосы Қытай қазақтары қойған бірнеше сұрақтарға жауап беруін өтініп, Қазақстанның сыртқы істер министріне хат жазды. Енді жауап күтеміз.
XS
SM
MD
LG