Accessibility links

Батыс Қазақстан облысы тасқын судан он миллиард теңге зардап шекті


Алдын-ала деректер бойынша, биылғы су тасқынынан Батыс Қазақстан облысына келген зардап көлемі 10 миллиард теңгеден асады деп хабарлады бүгін Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко.

Оның айтуынша, тасқын су тигізген шығынның жалпы құны жұма күні белгілі болмақ, бірақ оның 10 миллиард теңгеден асатыны қазірдің өзінде белгілі болып отыр.

- Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарында бізде жеті-тоғыз миллиард болған, ал бұл одан анағұрлым көп болмақ, - деді Божко.

Сәуір айының басынан бері көктемгі еріген қар суы мен қалың жаңбыр салдарынан жайылған тасқын су Батыс Қазақстан облысында бірқатар аудандары мен Орал қаласы маңындағы елді мекендерді басып қалды. Тоғыз мыңнан аса адам қауіпті аймақтан басқа жерге көшірілді. Кейбір елді мекендерде электр қуаты, телефон байланысы мен газ тапшы болып отыр. Су басқан аумақта екі адамның - жасөспірім бала мен ер адамның жансыз денелері табылғаны хабарланды.
XS
SM
MD
LG