Accessibility links

Қарзай президенттік сайлауда кемшіліктер болды деген сын-ескертпелермен келіскісі келмейді


АҚШ-тың арнайы өкілі Ричард Холбрук пен Ауғанстан президенті Хамид Қарзай, 2009,
АҚШ-тың арнайы өкілі Ричард Холбрук пен Ауғанстан президенті Хамид Қарзай, 2009,

Хабарларға қарағанда, АҚШ-тың Ауғанстан мен Пәкістандағы арнайы өкілі Ричард Холбрук пен Ауғанстан президенті және президенттікке кандидат Хамид Қарзай арасында қатқыл да күрделі әңгіме болған. Холбрук өткен аптада болған сайлау барысында заңсыздықтар орын алды деп атап көрсетті.

Алайда, АҚШ-тың арнайы өкілі Ричард Холбрук пен Ауғанстан президенті Хамид Қарзай өзара айтысып қалды деген хабарды Қарзайдың өкілі де, АҚШ-тың Кабулдағы елшілігінің өкілі де жоққа шығарды.

АҚШ Мемлекеттік департаменті өкілі Филипп Кроулейдің айтуынша, Вашингтонның Ауғанстан сайлауында заңсыздықтар орын алды деп қорытынды жасауына әлі ертерек.

Алайда, Ауғанстанның президенттік сайлауында көзбояушылықтар кең етек алды деген пікір, тым өрістеп кеткені рас.

Қарзайдың осы сайлаудағы басты қарсыласы, бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулланың айтуынша, сайлау барысында Қарзайдың пайдасын көздеген бұрмалаушылықтар мемлекеттік жүйе дәрежесінде қатты белең алған.

Жалпы алғанда, Қарзай сайлаудың алғашқы сатысында жеңіске жете алмайды деген де тұжырым бар болатын.
Жеңіске жетуі үшін Қарзайдың кем дегенде 50 пайыз дауысқа ие болуы шарт.

Сайлаудан бірнеше апта бұрын-ақ ЕуроОдақ пен Ауғанстандағы АҚШ елшілігі және басқа да халықаралық ұйымдар президенттік сайлаудың екінші сатысы болады деген болжам айтқан еді.

Сарапшылардың пікірінше, жергілікті сайлау бекеттерінің ресмилері қажет болған жағдайда дауыс ара салмағын Қарзайдың жеңісі үшін керекті деңгейге дейін өзгерте алады. Мұны атқару оларға қиындық туғызбайды.

Егер сайлауда дауыс беруге құқылы 500 адамның тіпті 100-і ғана дауыс берген болса, онда жергілікті ресмилер дауыс бергендер санын 400-ге дейін жеткізіп, ол жалған дауыстарды өздері қалаған үміткерінің есебіне жатқыза алады дейді сарапшылар.

Марвин Вейнбаум-АҚШ Мемлекеттік департаментінің бұрынғы сарапшысы. Ол Ауғанстанның өткен аптадағы сайлауын бақылаған еді.

Вейнбаум аталған сайлауда заң бұзушылықтардың мейлінше орын алғанын мойындап отыр.

Дей тұрғанмен, бұл сайлау қорытындысының заңды деп табылуының аса маңызды екендігін айта келіп, оның себептерін Азаттық радиосына түсіндіріп өткен болатын.

-...Егер Ауғанстан президентінің жеңісі мойындалмаса, ол заңсыз түрде таққа жайғасты деп есептелсе, онда мұның өзі елдегі әскери шараларға кері әсерін тигізіп, ауған ауылдарына заңды билікті орнату және ауылдарды дамытуға бағытталған науқандарға зиян келтіреді,-деді сарапшы.

Сарапшылардың пікірінше, егер Қарзай алғашқы сайлау сатысында-ақ жеңіске жетсе, мұның өзі сайлауда орын алған заңсыздықтар туралы күдіктерді күшейте түсетін болады.

Ондай жағдайда қарапайым ауғандықтардың демократияға деген сенімдері жоғалар еді.

Сайлаудың екінші сатысының өткізілуі сондай күдіктерді сейілтпекші. Сондай-ақ демократияның жалаң сөз емес, іс жүзіндегі үдеріс екендігін дәлелдеу үшін де президенттік сайлаудың алғашқы сатысының өткізілгені жөн дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG