ТҮРМЕДЕН - ТІКЕ ИСПАНИЯҒА
Шілденің 8-нен бастап Куба соңғы жылдары түрмеде отырған бес саяси тұтқынды босатады. Олар 2003 жылы биліктің оппозицияны жаппай жазалау кезінде абақтыға жабылғандар. Түрмеде отырған қалған 47 диссидент алдағы айда бостандыққа жіберілмекші.
Аралдағы коммунистік елге жасалған халықаралық қысымның соңы - Куба еліндегі саяси тұтқындар санын айтарлықтай азайтпақшы.
Кубадағы католик шіркеуінің басшысы, архиепископ Хайме Ортега бұл келісім туралы сәрсенбі күні елге сапармен келген Испания сыртқы істер министрі Мигель Ангель Моратинос пен президент Раул Кастроның келіссөздерінен кейін мәлімдеді.
Кубадағы католик шіркеуінің басшысы Хайме Ортега Испания сыртқы істер министрі Мигель Ангел Моратинос. Гавана, 8 шілде 2010 ж.
Қазіргі таңда Еуропа Одағына төрағалық етіп отырған Испания сыртқы істер министрі Кубаның бұл жоспарын оң қабылдады:
«Гавана архиепископы кардинал Хайме Ортега Кубадағы тұтқындар мәселесін біржола реттейтін шешім туралы хабарлап қойды. Онда 2003 жылғы сотталғандар тобына жататындар босатылмақшы. Ол біртіндеп жүзеге асатын болады, бірақ оны орындау жөніндегі міндеттемеге біз өте қанағаттанып отырмыз».
Егер қамаудағы кубалық саясаткерлер толығымен шығып жатса, бұл әрекет 1998 жылы Рим папасы Иоанн Павел II-нің сапарынан кейін Кубадағы 300 саяси диссиденттің бостандық алған оқиғаның жалғасы болады.
ТОСЫН САЯСИ ШЕШІМНІҢ СЫРЫ
Бостандыққа шығады делінген 52 адамның арасында 2003 жылғы 75 қауымдастығының белсенділері мен оппозициялық журналистер бар. Олардың түрмеге тоғытылуын халықаралық қауымдастық қатты сынаған болатын.
Кейбір тұтқындар денсаулық жағдайына байланысты осыған дейін шығарылған үкім бойынша жазаларын өтеп болған.
Кубадағы және шет елдегі адам құқын қорғаушы топтар елде ұзақ жылдар билікті басқарған Фидель Кастро ағасынан кейін президенттікті алып отырған Раул Кастро жетекшілігі кезінде жарияланып отырған бұл жаңалықты қырағы қарап қоштап отыр.
Фидель Кастро биілігі кезінде оның 15 мың оппоненті абақтыға жабылған болатын.
Түрмедегі тұтқындардың әйелдері құрған наразылық тобының жетекшісі Лаура Поллен Куба үкіметінің түрмедегі диссиденттерді босату қадамы - нағыз азаттық, нағыз демократияның алғашқы белгісі болар еді деген үмітін жеткізді.
"БҰЛ - КУБА ҮІМЕТІНІҢ КЕЗЕКТІ АЙЛАСЫ"
Десе де Америка Құрама Штаттарында қуғында жүрген кубалық саясаткерлер бұл “жарнамалық айла-әрекет” деп, Батыс елдерін саяси тұтқындар түрмеден шыққанша, Гаванаға қысымды жалғастыра беруге шақырып отыр. АҚШ Кубаға қарсы 48 жылға сауда эмбаргосын енгізген еді.
Түрмедегі саясаткерлерді босату уәдесі ақпан айында аштық акциясынан қайтыс болған диссидент Орландо Сапата Тамайо өлімінен кейін Кубаны халықаралық ұйымдар қатты сынай бастаған соң жасалып отыр. Екінші диссидент Гильермо Фаринас 134 күн аштық жариялады. Соңғы хабарларға қарағанда жағдайы нашарлаған ол өлім аузында жатыр.
Фаринастың талабы - 2003 жылы абақтыға жабылған ондаған саяси тұтқынды босату болды. Санта-Клара қаласындағы ауруханада жатқан ол елдегі шіркеу немесе үкімет саяси тұтқындарды босататынын нақтыламағанша, өзінің аштық акциясын кеудесінен жаны шыққанша жалғастыруға дайын болғанын айтты.
Кардинал Ортега қамаудан босатылатын 52 тұтқынның аты-жөндерін атаудан бас тартып, алдымен олардың туыстарына хабарлануы керектігін айтты. Ол барлық тұтқындар жақын күндері бостандыққа шығады деген оптимизм танытты.
Куба президенті Рауль Кастро Испания сыртқы істер министрі Моратиносты тыңдап отыр. Гавана, 8 шілде 2010 ж.
«Мен олар бостандыққа шығару туралы хабарланады деп үміттенген едім. Бұл хабарламаның сыртқы істер министрі Моратинос сапары кезінде айтылып, олардың бұл шешімді жариялаушы ретінде шіркеуді таңдағандарының өзі қызық бәлкім, күтпеген жағдай болды. Бір жағынан, біз мұндай түрмеден шығару жағдайлары осы сарында жалғаса береді деп үміттенеміз».
Бостандыққа шығуы мүмкін алғашқы бес диссидент Испанияға барып, сол жақта эмиграцияда өмір сүреді. Бірақ одан кейінгі саяси тұтқындардың қай елдерге баратыны немесе Кубада қалатыны туралы әзірге белгісіз.
Адам құқығын қорғаушы топтар эмиграция дегеннің өзі екібастан толық еркіндік емес деп, бұл қадамдарды сынға алып отыр. Бірақ Испания сыртқы істер министрі Моратинос бұл жолы эмиграция арқылы сыртқа кететіндер кейін Кубаға қайтып, еркін өмір сүреді деді.