ИСЛАМ ӨРКЕНИЕТІНІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ
Бұл көрме алғаш рет Лондонда пайда болды. Әуелгі идея - қатарынан бес жыл ішінде әлемнің ең ірі қалаларын ислам өркениетімен таныстыру еді. Бұл тұрғыдан келгенде, Британ астанасында өткен көрме зор табысқа жеткен ссияқты. Өйткені оны күнделікті тамашалаушылардың қарасы 400 мыңнан асып түсті.
Аталған көрме Стамбул қаласында қазан айының бесіне дейін жалғасады. Алғашқы күндерден-ақ халық зор ықылас білдірді. Түркиядан хабар алған Ассошейтед Пресс агенттігі көрмені күніне алты мың шамасында адам аралайтындығын айтып отыр.
Көрмені Лондонда жүріп көрген Түркия премьер-министрі Реджеп Ердоған оның Стамбулға келуіне түрткі болды. Өз Отанындағы ашылу салтанатында ол: «Қайсыбір кездері кейбіреулер тарихты қайта жазып, Антикалық дәуірден Қайта өрлеу кезеңіне бір-ақ секіргілері келген еді. Тек кейіннен ғана батыс ғалымдары ислам өркениетінің ғылым тарихындағы ерен үлесін мойындады»,- деді.
Реджеп Ердоған антикалық ғылым мен пәлсапалық ой-пікірді сақтай отырып, Еуропадағы Қайта өрлеу кезеңіне серпін берген басқа емес, мұсылмандар екендігін қадап айтты.
«Ғылыми зерттеулер мен жаңа технологиялар бүгінгі мәдениетіміздің ажырамас бөлігі болуы тиіс» деп мәлімдеген түрік премьер-министрінің пікірінше, бұл көрме мұсылман жастарының рухын көтеріп, шабытына шабыт қоспақ.
ҰШҚЫШ ҚҰРАЛ
Осыдан 800 жыл бұрын механик әл-Жазаридың қолынан шыққан «Піл арқасындағы сағаттардың» көшірмесі көрмедегі ең көрнекті экспонат саналады. Ғалымдардың пікірінше бұл сағат мәдениет пен ғылымның өркениеттегі тоғысы мен мультимәдениет тұжырымдамасының іс жүзіндегі нәтижесі.
«Піл арқасындағы сағаттар» уақыт өлшемін белгілейтін гректің су механизмімен жабдықталып, қытай айдаһарларымен, мысыр фениксімен және араб киімін киіп, жүріп келе жатқан адаммен безендіріліп, әшекейленген.
Мұнан бір мысқал да кем түспейтін тағы бір экспонат 852 жылы Испанияның Кордова қаласында жасалыпты. Ұшқыш құралдың ауторы - ислам оқымыстысы Аббас ибн Фирнас. Бұл өнертабысты тарихшы Михаил Попов былайша сипаттайды:
«Ибн Фирнас әуелі ағашқа матаны керіп байлап, Кордовадағы мұнара басынан секірді. Аздап жарақат алғаны болмаса, оншалықты зиян шекпеді. Бірақ жергілікті тұрғындарды таңғалдыра алмады.
Сондықтан ғалым басы бүтін ұшатын құрал жасауға кірісіп, сарыла еңбектенді. Ұзақ жылдардан кейін, яғни 65 жасында ол тағы да тосын әрекетке бел буып, Кордова төңірегіндегі тау төбесіне шықты да өзі жасаған қалықтап ұшатын планерді мықтап бекітіп алып, төмен қарай секірді де кетті.
Бұл ғажайыпты бақылап тұрған мыңдаған адам қолдан жасалған қанаттың қарт ғалымды көтере-мөтере зулай ұшқанын көріп таңдай қағып, ішегін тартты. Бірақ ұшуын ойдағыдай ұшқанымен қонуы сәтсіздеу еді, өнертапқыш арқасын әжептеуір жарақаттап алды».
ТҮТІКТЕГІ ТІРШІЛІК
Тарихшы Михаил Попов тағы бір мұсылман ғалымы, сонау 8-ші ғасырда-ақ керемет көрсеткен ирандық Әбу Мұса Жәбір ибн Хаянның әрекеттерін сөз етеді. Ол тіпті де ойға сыймайтын қияли дүние секілді, қатты денені буға, буды керісінше қатты денеге айналдыратын, ажырататып, ерітетін және кристалдайтын химиялық операциялардың базасын жасап шықты.
Түтік ішінде тіршілікке жан беруге тырысқан ибн Хаянның артында жылан мен шаянды және керек болса адамды да лабороторияда жасауға болатыны жөнінде түсініксіздеу инструкция қалды. Ғалымның өмір-тіршілік жөніндегі ізденістерінің нәтижесі адамзат тарихында алғаш рет таза спирт алуға жол ашты. Оны әл-коголь («ақылдан алжастырушы») деп атады.
«1001 өнертабыс. Ислам ғылыми мұрасы» көрмесінде, тіпті, сабынның бастапқы үлгісі де бар. Мұны да 7-ші ғасырда алғаш рет жаппай өндірген арабтар екендігін жалпы жұртшылық біле бермейді.
Көрмені ұйымдастырушылардың бірі – профессор Сәлім әл Хассани сұхбатында басты мақсат - адамдарға ислам өркениетінің алтын дәуірін паш ету дейді. «Егер біз өткен кезеңдердегі мұсылман зерттеушілері мен өнертапқыштарының баршасын жинаған болсақ, онда олардың бәрі де, сөз жоқ, Нобель сыйлығын алар еді» деп түйіндейді ол.
Стамбулдан кейін бұл көрме Нью-Иоркте жалғасады. Бес жылға созылатын көрме Орталық Азия елдерінің астаналарының біріне келе ме, келмей ме, ол жағы әзір беймәлім.