Accessibility links

МАГАТЭ-нің жаңа басшылығына жапониялық дипломат сайланды


Юкиа Амано-МАГАТЭ-нің болашақ бас хатшысы. 26 маусым, 2009
Юкиа Амано-МАГАТЭ-нің болашақ бас хатшысы. 26 маусым, 2009

Халықаралық атом энергиялық агенттігінің жаңа директоры шілденің 3-де сайланды. Жаңа басшы, жапониялық дипломат Юкиа Амано бұл қызметіне қараша айында кірісетін болады.

Халықаралық атом энергиялық агенттігі кеңесіне мүше 35 елден жарысқа түскен басқа үміткерлерге қарағанда Амано көбірек қолдауға ие болды.

Алайда, ол наурыз айында болған сайлаудың алғашқы сатысында жеңіске қажетті дауысқа қол жеткізе алмаған еді. Содан бергі төрт ай ішінде сайлау үдерісінің бірнеше сатысы өтті.

Ең соңғы шешуші сатысында дауыс беруші елдің бірі қалыс қалғандықтан да Амано жеңіске жеткен болатын.

МАГАТЭ-ге жаңа басшы сайлау барысында әлемнің бай және кедей елдері екіге бөлінгендей болды.

Аманоны Батыс елдері, оның ішінде АҚШ айрықша қолдады делінеді хабарларда.

Иранға байланысты көзқарасында АҚШ бағытына жақын болуы Аманоның дамыған елдер тарапынан қолдауға ие болуына алып келген еді.

Аманоға үзеңгілес келген қарсыласы Абдул Самад Минти-Оңтүстік Африкадан.

Испаниялық, бельгиялық, словениялық қалған үш үміткер жарыстың түрлі сатыларында бәйгеден шығып қалған болатын.

"Халықаралық атом энергиялық агенттігінің бас хатшысы кең тұрғыдағы қолдауға ие болу арқылы билікке келсе екен" деп күткендер үшін мұндай тар шеңбердегі жеңіс көңіл қалдырарлық жәйіт болды дейді сарапшылар.

Мысалы, Ресей кеңеске мүше басқа елдерге өз пікірін білдіріп, тар шеңбердегі жеңісті қолдауға болмайды деп талап етті.

Мұндай көзқарас Амано мәртебесіне нұқсан келтірер деген қауіп бар.

Амано жаңа қызметінде аса күрделі бірнеше сауалдармен айналысатын болады. Олардың қатарында-Иранның таласты ядролық бағдарламасы, Сирияның заңсыз деп аталып отырған ядролық әрекеттері және Солтүстік Кореяның ядролық сынақтары бар.

Амано дүйсенбіде сөйлеген сөзінде ядролық қарудың әлемге таралуына жол бермеу үшін мейлінше күресетіндігіне уәде берді.

-Иранда бақылаушылар жұмыстарын жалғастыруы тиіс. Әрине, Иран-Ядролық қаруды таратпау келісімінің мүшесі. Алайда Иранмен келіссөздер жүргізудің бізде әліге дейін нақты құрылымы жоқ. Сондай диалогтың негізін жасау игілікті іс болар еді,- деді Амано.

Халықаралық атом энергиялық агенттігінің қазіргі бас директоры, Нобель сыйлығының лауреаты Мохаммед ЕлБарадей зейнет демалысына шыққаннан кейін, қарашаның 12-де Амано осы қызметке кірісетін болады.

Агенттікке мүше 145 елдің өкілдері қыркүйекте өтетін Бас конференцияда Аманоны ресми түрде Бас хатшылыққа бекітпекші.
XS
SM
MD
LG