Стамбулдағы Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қара Орта Азия мен Қазақстанның, Түркияның тарихына қатысты зерттеулер жасайтындығын айтады.
- Мақсатым – түріктерге қазақ тарихы мен қазақтарды таныстыру, - деген ол, алғашқы еңбегінің «Қазақтардың Шығыс Түркістаннан Анадолыға босуы және Оспан Таштан” деп аталғандығын атап өтті. Ал, Мұстафа Шоқай жайындағы докторлық диссертациясы кейін кітап болып жарық көріп, Түркия Жазушылар Одағы 2002 жылы биография саласында үздік шығарма деп жоғары бағалап жүлде берген екен. Әбдіуақап Қара негізінен екі тілде қатар қалам тербейді. Алайда, қазақша мақалалары Қазақстанда газет-журналдарда басылып жатқанымен, алғашқы кітаптары түрік тілінде жарық көріпті. Ал, 2004 жылы «Мұстафа Шоқай» туралы еңбегі қазақ тіліне аударылып, Алматыда басылып шығады.
Бұдан кейінгі еңбегі – «Түркістан легионына» қатысты болады.
- «Түркістан легионындағы» әскерлердің жағдайы мені қатты алаңдатты. Сол кезде тұтқынға түскен әскерилердің көңіл-күйі қалай болды? Олар немістерге тұтқынға түскенде, Сталиннің қанды қол қызыл бұғауынан құтылдық деп қуанды ма, жоқ, әлде фашистердің қолына түстік деп қайғырды ма? Ал одан кейін немістер, сол тұтқындарды ауыр азап шеккен лагерлерінен босатып, неміс әскери киімін кигізіп “Түркістан легионына қатысып туған елдеріңе тәуелсіздік алып бересіңдер” деп қайта жасақтағанда не ойлады? Олар өздерін осыған дейін лагерлерде аш-жалаңаш тастап түрлі зорлық-зомбылық көрсеткен фашистерге шын сенді ме? Әлде күн көрудің, тірі қалудың қамы ретінде легионға амалсыздан қатысты ма?
Соғыс біткеннен кейін бүкіл әлем тыныштық тапқанда, оларға тыныштық берілген жоқ. Сталин бұл тұтқындар туралы «бізде тұтқын жоқ, сатқын бар» деген болатын. Сондықтан олар туған елдеріне қайтқанда, өздерін өлім немесе қуғын-сүргін күтетінін біліп, шетелдерде тұрып қалуға тырысты. Ол да оңай болмады. Өйткені соғыстан кейін жасалған бітім-шарттар бойынша, Кеңес азаматтары өз елдеріне қайтарылуға тиісті еді. Сондықтан олардың шетте тұрып қалулары мүмкін емес-ті. Еуропада жүріп, Кеңестік қызметкерлердің шеңгеліне түспеу үшін талай қиындықтарды бастан кешіреді.
Міне бүкіл осы жағдайларды Лондонда тұратын татар жазушысы Шыңғыс Дағжының еңбектерінен анық көруге болады. Өйткені ол да немістерге тұтқынға түсіп, кейін Түркістан легионында болған. Сонымен бірге ол басынан өткен адам айтса нанғысыз жағдайларды 1944 жылы соғыс бітпей жатып роман қып жаза бастады. Кейін естелік те жазған екен. Мен сол кісінің жазғандарын пайдаландым. Сол кісінің жазған естеліктері мен романдарын өзімдегі деректермен салыстыра отырып, Түркияда 2006 жылы «Свастика мен Қызыл жұлдыз арасындағы жазушы Шыңғыс Дағжы» деген бір кітап жаздым. Шыңғыс Дағжының өзі туралы жазғандарына сүйене отырып, Түркістан легионындағы әскерлердің көңіл күйінен, бастарынан кешкен азапты жағдайлардан хабардар еттім. Онда да қазақтың тағдыры бар, - дейді ол.
- Дәл осы «Түркістан легионы» туралы Қазақстанда да бірнеше адамның естелік кітаптары жарық көрді. Бірақ олар Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, арада 60 жылдай уақыт өткеннен кейін жазылып отыр. Сол себепті де, көп нәрсе көмескі тартты, бұлыңғырлады. Ал, Шыңғыс Дағжының естеліктері соғыс бітпей жатып жазыла бастағандықтан, барлық нәрсе алақандағыдай нақты көрініп тұр. Сонымен қатар оның естелігін алдымен роман түрінде жазғанының да бір ұтымды жағы бар. Өйткені роман адамның ішкі дүниесін, ойын сыртқа шығаратын туынды болып табылады. Әлгіндей талай қарама-қайшылықтарды бастан кешірген легиондықтардың көңіл күйін, олардың өзі айтпағанда біздің ойлап табуымыз мүмкін емес қой. Міне осы мәселені Шыңғыс бізге айқындап беріп отыр. Өкінішке орай, Түркістан легионына қатысқандардың ащы тағдырын өзгелер түгіл, өз халқының әлі білмеуі ойланарлық жайт. Біз осы кемістікті аз да болса толтырайық деген оймен сол еңбекті жазып шыққан едік. Құдай қаласа, оны өзім қазақ тіліне аударып туған халқымен табыстырмақ ниетім бар.
Бұдан кейін Әбдіуақап Қара Қазақстанды Түркияға таныту мақсатында, әсіресе, түрік инвесторларды тарту үшін Қазақстанның Стамбұлдағы консулы Асғат Дәуітов мырзамен бірлесе отырып – «Әлемдегі жаңа инвестиция орталығы – Қазақстан» деген кітап жазады. Кітаптың көлемі – 300 беттей. Ал, 2007 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесе отырып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі «Халыққа Жолдауын» түрік тіліне аударып, бастырады. Ол кітап Еуропадағы қандастарымыз бен Түркиядағы қазақтарға таратылған.
1993 жылы Қазақстан Ғылым академиясының белгілі ғалымдарымен бірге “Көне дәуірден қазірге дейінгі Қазақстан тарихы” деген көлемді кітапты түрік тіліне аударып 2007 жылы Ыстамбұлда бастырып шығарады. Бұл еңбек Түркияда қазақ ғалымдарының Қазақстан тарихы жөнінде түрік тіліне аударылған тұңғыш еңбегі болып табылады.
Ендігі мақсат Шығыс Түркістанның азаттығы үшін 10 жыл аттан түспеген, Алаш азаттығы жолында жанын пида еткен Оспан батыр Сіләмұлы жайында тың деректерді жариялау.
- Келесі жылы Оспан батырдың туғанына 110 жыл. Соған орай, Оспан батыр туралы тың деректерден тұратын зерттеу еңбегін жазып жатырмын. Бұл кітап Оспан батырдың жақын серігі Нұрғожай батырдың естеліктеріне негізделгенмен, менің қаламымнан туған қазақ тіліндегі тұңғыш кітабым болмақ, Кітап сәтті шығып жатса, кейін түрік тіліне де аударылады - дейді ол.
Әбдіуақап Қара Түркияның осыдан 50 жыл бұрын Алтайдан ауып, Гансу, Шыңхай өлкелерін басып, Гималай асып, Тибетті басып, Пәкістанды паналап, әзер жеткен қазақ қардашыларына құшағын жая қарсы алғанын ұмытпау керек дейді.
- Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас бізді қуантады. Біз мұнда өз елімізде жүргендей сезінеміз. Өйткені, түріктердің арғы тегі де Орта Азиядан. Оны өздері жасырмайды, - деген ол, бауырлас түркі еліндегі қазақтардың көшуге асықпай отырғандығын айтады:
- Түріктер де бізге қиын-қыстау кезеңде басымызға пана болды. Түріктердің бұл жақсылығын ұмытпаймыз. Сондықтан Қазақстан мен Түркияның байланыстарының күн санап достық негізде дамып келе жатқаны бізді қуантады. Екі ел арасында барып-келуге ешқандай шектеу жоқ. Сондықтан Түркиялық қазақтар өздерін ең бақытты диаспорамыз деп санайды.
Ғалым Шыңғыс Дағжының «Түркістан легионы» туралы естеліктерінің құндылығы сол оқиғалардың ізі суымай жатып, жазылғандығында дейді: